Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласында бармақ басты болмайды

Білім саласында бармақ басты болмайды


ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов сенбі күні Шиелі ауданына іс-сапармен келді. Ондағы негізгі мақсат – колледждердегі білім гранттарын тағайындау барысында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің орын алмауын қадағалау.
Облыс бойынша мемлекеттің тапсырысын алатын 29 мемлекеттік және жеке меншік колледждер жұмыс жасайды. Биылғы оқу жылына мемлекеттік тапсырыс аясында колледждерге 3108 білім гранты бөлініп отыр. Белгіленген гранттарды тағайындау шарасында қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында 1-тамыз күні әрбір колледж бойынша мониторингтік топ мүшелері бекітілгенін хабарлаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы А.Мұхимов: «Арнайы мониторингтік топ өкілдері мемлекеттің тапсырысын алатын мемлекеттік және жекеменшік колледждерде оқуға қабылдау үдерісін толық қадағалайды» – деді. Ал, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы «Өткен жылғы түлектердің 98 пайызы оқуға түсті. Қалған 27 бала бизнес жобаға кетті. Топ мүшелері білім гранттарын заңсыз иелену, оқуға заңсыз қабылдау мен емтихан қабылдауда артықшылықтар көрсету түріндегі жағдайларды анықтау бағытында қоғамдық бақылау жүргізетін болады» – деді.
Сыбайлас жемқорлық, өкінішке орай, біздің өміріміздің бүгінгі ерекшелігін сипаттайтын кәдуілгі құбылысқа айналып отыр. Бұл — қоғамдық жүйені іштен үңгіп жейтін, экономиканы ақсататын, әлемдік қоғамдастық алдында мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін дерт. Ең қиыны — бұл кесел билікке деген халық сенімін күйретеді, шын мәніне келгенде биліктің еркін, демократиялық қоғам құру жолындағы күллі шешімдерін жоққа шығарады.
«Жең ұшынан жалғасатын кеселдің білім саласынан қылаң бергені былай тұрсын, бүгінгі таңда балабақшадан да орын алуда. Кеше ғана мемлекет сенім білдірген қызметкердің балабақшаға бала қабылдаудағы олқылығы үкіметке айтарлықтай шығын келтірген. Осы сынды тағы бір мәселе мұғалімдердің біліктілігін арттырудың өзін бас пайдасына жаратып жатқандар бар. Бізді алаңдататыны да осы. Сыбайлас жемқорлық шенді-шекпенді, әкім қарарларды айналып өтіп, қарапайым мамандарға да жеткені» – деп бәйек қағуда халық.
Ауданға арнайы іс-сапармен ат басын бұрған мамандар жоғарыда айтылған кемшіл тұстардың қайта орын алмауын қадағалау барысында атқарылатын бірқатар шаруаның басын ашып айтты. Сонымен қатар, нарықтың сұранысына бейімделіп отыруымыз қажет екендігін де жеткізді. Мониторинг жасау арқылы, кейбір колледждерде қажетсіз болып қалатын мамандықтар барын да аңғарған. Міне, осы мәселелердің өршіп тұрған өзекті тұсын тауып, ерсі қылық, түрлі кемшіліктердің алдын алу шараларын жасауды бастап кетті. Жиыннан түйгеніміз бастысы білім саласындағы бейберекеттікке ауыздық салынатын болады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
07 тамыз 2018 ж. 1 755 0