Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл басынан 135 мың қазақстандық жұмысқа орналасты

Жыл басынан 135 мың қазақстандық жұмысқа орналасты


Қазақстанда жыл басынан бері 134 800 адам жұмысқа орналастырылған. Бұл туралы Үкімет отырысында 2018 жылдың бес айы бойынша республикалық бюджеттің орындалуы туралы баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жұмыссыздық деңгейі мен еңбекақы туралы сөз қозғаған министрдің айтуынша, жоғары деңгейдегі өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне жағымды әсер еткен. Осының арқасында ағымдағы жылдың басынан 134 800 адам жұмысқа орналастырылған. «Ағымдағы жылғы сәуірде жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалып, 4,9 пайызды құрады. Еңбекақы ілгерілеген қарқындармен өсуде. Осы жылдың қаңтар-сәуірінде орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңгені құрап, нақты көріністе 1,2% өсті», – дейді Тимур Сүлейменов.
Министрдің баяндамасына сенсек, сыртқы сауда айналымы дәстүр бойынша оң серпінді сақтап отыр. Ол ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 24,3 пайызға ұлғайған. Экспорт 27 пайызға өскені белгілі болып отыр. Бұл ретте, шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 11,2 пайызды құрағанын (3,8 млрд АҚШ долл.) айта кету керек.
12 маусым 2018 ж. 939 0