ЖЕТІСУ МЕН СЫРДЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ СЫНҒА ТҮСТІ

Сөз сайысының ашылуында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев екі аймақтың намысын ту еткен жыр додасының жүйріктеріне сәттілік тіледі.
– Алашқа ана болған Сыр өңірі – сөз киесі қонған, жырдан маржан төгілген қасиетті өлке. Осы дәстүрді бүгінгі буын лайықты жалғастырып келеді. Мұның айқын дәлелі – Мұхтар Ниязовтың үш мәрте «Алтын домбыра» иегері атануы. Мейірбек Сұлтанхан да «Алтын домбыраны» иемденіп, Сыр елінің айтыстағы дәстүр жалғастығын тағы бір мәрте танытты. Бұл сабақтастық жас талант Бексұлтан Орынбасаровтың «Күміс домбыра» иегері атануымен де айшықтала түсті.
Халқымыз қашаннан өнерді бағалаған, кие тұтқан. Оның ішінде айтыс өнерінің біз үшін орны ерекше. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері қаншама ақындарымыз түлеп ұшып, айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда. Өйткені, айтыс – мәңгілік киелі мұрамыз, – деді аймақ басшысы.
Сөз додасына түскелі тұрған командаларды әйгілі Айтақын Бұлғақов, Бекұзақ Тәңірберген сынды жыр жүйріктерінің жалғасы Нұрлы Мұхамади мен Қазыбек Шынберген секілді жасөспірім өнерпаздар жыр шумақтарымен таныстырды.
Алдымен сүре айтыста Данияр Болатқан мен Бексұлтан Орынбасаров, жыршылар сайысында Есхат Нұрәли мен Марат Сүгірбай, түре айтыста Дидар Өмірәлі мен Мейірбек Сұлтанхан, күй тартыста Самат Жексенбаев пен Әділбек Тәшімов, қыз бен жігіт айтысында Әдемі Сыбанқұл мен Ержан Әміров, дәстүрлі ән орындауда Бейбіт Мұсаев пен Зульфия Баймұрзаева, қайым айтыста Қазыбек Жеңісхан мен Мұхтар Ниязов, ал термеде Арафат Ысқақов пен Руслан Ахметов өнерлерін ортаға салып, көрермен қауымға керемет көңіл-күй сыйлады.
Айталық, түре айтыста төкпелете жырлаған Мейірбек Сұлтанханның:
Айтыста Нартай, Манап алыбы бар,
Күй десе Әлшекейдің сарыны бар.
Ән десе Ешнияз сал, жыр-термеде
Базар мен Тұрмағамбет тәлімі бар.
Ассалаумағалейкүм, Сырдың елі,
Даңқы шыққан қаншама дарыны бар.
Тұғыры таудан биік тарихы мен,
Халқының ханнан биік қадірі бар, –
деген сөзі кешегі сүлейлер мұрасының сынығындай, ауыздан-ауызға көшетін уәлі сөздің бірі десек болады. Сол сияқты, тағы бір сөз кезегінде Сыр өңірін «Қызылдың қылышына мойнын тосып, қазаққа қазақ атын қайтарған жер!» деген сипаттамасы да сөздің түйіні болғандай.
Ержан Әміров пен Әдемі Сыбанқұл қыз бен жігіт айтысында Ержан ақын мұғалімдігін алға тартып, шәкіртіне сабақ бергендей сарында жыр толғады. Сондай-ақ мектептің жоғары сыныбында оқитын жас қызбен айтысуға өзінің түр-тұлғасы лайық еместігін әзіл-қалжыңмен жеткізген жігітке:
«Біздің түр, түр емес» деп қыз көрерлік,
Налисыз күтіп едік сізден ерлік.
Жырыңыз сұлу болса, болды емес пе,
Түріңіз етпейді ғой, сізге кемдік.
Түріңізге қарамай айтысуға,
Шамамызға қарамай біз де келдік, –
деген Әдемінің сөзі тапқыр жауап болды.
Жетісулық Қазыбек Жеңісхан айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовқа жүрексінбей қарсылас болып, қайым айтыстың тамаша үлгісін көрсетті.
Өнерпаздарды қазылар алқасының төрағасы, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман, қазылар алқасының мүшелері, айтыскер ақындар, Мәдениет қайраткері Серік Құсанбаев, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Бекарыс Шойбеков, дәстүрлі әнші, Қазақстанның Халық артисі Айгүл Қосанова, жыршы-термеші, өнертанушы, Мәдениет саласының үздігі Елдос Еміл және күйші, профессор, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы бағалады. Ал сөз сайысын айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Серпер» сыйлығының иегері Нұрмат Мансұр жүргізді.
Өнер додасының қорытындысы бойынша жоғары дайындық пен шеберлік танытқан Қызылорда облысының командасы жеңіске жетті. Жеңімпаз командаға арнайы кубок пен қаржылай сертификат табысталды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»









