Инвесторға сенім – экономикалық дамуға негіз
Экономика дамымай, әлеуметтік мәселелердің оң шешемін табуы қиынға соғатыны белгілі. Қазіргі кезде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық үдеріс мемлекеттік-экономикалық дамуымыздың негізгі алғышартына айналып, еліміздегі реформаларды табысты іске асырудың нақты көзі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шет мемлекеттерден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде үнемі көтеріп, үкіметке бірқатар маңызды тапсырмаларды жүктеген болатын.Инвестиция – кез келген ұлттық экономиканың маңызды және қажетті қоры. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өндірісті жетілдіріп, сатылатын тауарлардың сапасын арттыру, сондай-ақ жұмыс орындарын көбейтіп, тұрғындарды еңбекпен қамтуға, сол арқылы халқымыздың өмір сүру деңгейінің өсуіне мол мүмкіндік береді.
Сол себепті инвестициялық қызметті жүзеге асыруда оның тиімділігін ескеріп, инвесторлардың жұмысын жан-жақты қолдап, құқықтық тұрғыдан қорғалуына ерекше мән беріліп келеді. Туындаған мәселелерді дер кезінде шешу жолында, олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының, атап айтқанда, прокуратураның маңызы жоғары.
Бүгінде Шиелі ауданы бойынша бизнесті қорғау, құқықтық қолдау көрсету саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, прокурорлық қадағалау кәсіпкерлердің және инвесторлардың мәселелерін тиімді шешуге бағытталған.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің басты мақсаты – оларды іске асырудың барлық сатысында инвесторларға құқықтық қолдау көрсету және қорғау. Ол да бірқатар сатыдан тұрады. Мысалы, объектінің құрылысын бастау үшін мемлеткеттік сараптама, сәулет, экологиялық бақылау және басқаларын қоса алғанда, түрлі инстанциядан 60-тан астам рұқсат талап етіледі.
Бұл құжаттарды дайындау, рұқсат алу жұмыстары бір жарым жылға дейін созылуы мүмкін. Кейде, тіпті кейбір мемлеткеттік орган инфрақұрылымдарды пайдалануға рұқсат бермесе, екіншісі инвестордың жұмысын тоқтатады, сондай-ақ елімізде бұрын алған жерін қайтарып беруді талап еткен жағдайлар да орын алған. Осындай мәселелер бойынша прокурорлар өздеріне жүктелген міндет аясында жұмысқа кірісіп, шенеуніктердің жұмысына құқықтық баға беріледі.
Бейсенбі күні инвесторларды қолдау, оларға құқықтық сүйемелдеу шарасы аясында Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев ауданға арнайы келіп, «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты ғимаратында инвесторлармен кездесті. Басқосуға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов қатысты.
Қазіргі таңда Шиелі ауданы бойынша 2025-2030 жылдары жүзеге асырылуы жоспарланған жалпы құны 213 млрд теңгені құрайтын 20 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 10 жоба ұлттық пулда, 10 жоба өңірлік пулдағы жобалар. Жалпы 20 жобаның 16 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылған («Тесис» ЖШС «Transshipment 1» ЖШС, «Эко Энерджи Плюс» ЖШС,«Бупежанова» ЖК, «Арсен» ЖК, «Мубарак» ЖК), ал 6 жобаны ресми толық іске қосуды жоспарлап отыр. Ал олардың қатарындағы «Таң ЛТД», «Центр Семеноводства» серіктестері жұмыстарын бастап кеткен. Қалған 8 жобаға тиісті жер телімдері табысталып, құжаттары рәсімделген.
Бұл бағыттағы қолдау шараларын аудандық прокуратура басты назарда ұстап, қарқынды жұмыстар жүргізуде. Жиында баяндама жасаған аудан прокуроры Мейрамбек Жаңбырбайұлы инвесторларды сүйемелдеу бағытында қадағалау аумағындағы 5 инвестжоба бойынша уәкілетті органдарға хат жолданып, атқарылған жұмыс нәтижесінде тиісті көмектер көрсетіліп, құжаттары рәсімделгенін айтты. Одан бөлек аудан прокуратурасымен 6 инвестордың бұзылған құқықтары қорғалып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Сонымен қатар, жыл басынан бері инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында облыс прокуроры тікелей ауданға келу арқылы екі рет кездесу өткізсе, аудандық прокуратура әкімдікпен бірлесіп 6 рет аралау жұмыстарын жүргізіп, 3 рет жиын-кездесулер өткізген.
Кездесу барысында облыс прокурорының бірінші орынбасары Нұрболат Серікұлының бастамасымен Ватсап желісінде топ құрылғанын білдік. Оның айтуынша бұл бастама аудан аумағында орналасқан инвесторлармен жедел ақпарат алмасу, проблемалық мәселелер туындаған жағдайда дер кезінде шаралар қолдану мақсатында тиімділігін арттырған. Сондай-ақ ол облыс аумағында инвесторлардың құқықтарын қорғау мен бизнеске қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі қадамдар күшейтілгенін тілге тиек етті.
– Тұрақты әрі қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру – ортақ мақсатымыз. Инвестор заң мен мемлекетке сенген жағдайда ғана бұл мүмкін болады. Прокуратура бизнеске барлық мәселе бойынша қолдау көрсетуге әзір, – деді ол.
Кездесуде аудан әкімі Айтбай Жардарбеков өз сөзінде инвесторлармен жұмыс үш негізгі қағидатқа негізделеді: ашықтық, заңдылық және әріптестік. Әрбір инвестор қайда жүгіну керектігін, көмекті қайдан алатынын және мәселесінің қаншалықты жедел шешілетінін нақты білуі тиіс. Сонымен қатар ол инвесторлармен кездесу жиынының «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты ғимаратында өтуінің де мән-маңызы жоғары екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы инвесторлардың құқықтарын қорғауды жоғары деңгейге қойып отыр. Біздің міндетіміз – ауданды инвесторлар бір жобамен ғана емес, ұзақ мерзімге келетін мүмкіндіктер аймағына айналдыру. Біз өңірдің бизнес үшін сенімді әрі болжамды аймақ ретіндегі имиджін нығайтуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді аудан басшысы.
Сонан соң кездесуеркін-пікір алмасу алаңына айналды. Атқарылған жұмыстар сараланды. Кездесуге келген ірі компания басшылары өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға ешқандай кедергілер жоқ екенін және де аудан әкімдігі мен аудан прокуроры заң аясында тиісті қолдау көрсетіп келе жатқанын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Инвесторлар кездесу, пікір алмасу жиыны әрі қарай аудан әкімдігенде жалғасты. Жиынға ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, ауданның ірі кәсіпорын басшылары қатысты. Мұнда Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев аудандағы сапарының негізгі бағытына тоқталып, жергілікті жерде жұмыс жасап жатқан инвесторлардың жобасын сүйемелдеп, олардың іс жүзінде жүзеге асырылуы ортақ міндет екенін айтты.
Жиын соңында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков киелі Шиелі өңіріне арнайы келіп, мазмұнды жиын өткізген Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрболат Серікұлына алғысын жекізді.
Мейіржан ИБРАГИМОВ








