Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаев Құрылтайдың міндеттерін атады

Тоқаев Құрылтайдың міндеттерін атады

Тоқаев Құрылтайдың міндеттерін атадыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тоқаев Құрылтайдың міндеттерін атады. "Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет.   Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады.   Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек.   ЕКІНШІ. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек.   Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды.   Бұл жұмысты жандандыру қажет".
Президенттің сөзінше, заң шығару – аса жауапты жұмыс.
"Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек.   Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет.   Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады.   Әрине, озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайды. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады. Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек.   Қазіргі таңда менің бастамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді.   Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет.   Еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау керек. Бұл істе қағазбастылық пен салғырттыққа жол беруге болмайды.   Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет.   Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық, пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс".
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет.  
"Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады.   Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор.   Сонымен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар.   Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат.   Бұдан бөлек, мен таяуда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім.   Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет".
Президенттің пікірінше, бұдан бөлек, Құрылтай қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс.  
"Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында айттым.   Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек.   Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін.   Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным".
 Президенттің пікірінше, Құрылтай еліміздің заңнамаларын заман талабына сай жаңғыртуы керек.  
"Ұлттық мүддені, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты жедел әрі сапалы атқарған жөн.    Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз. Бұл – күрделі, асқан ұқыптылықты талап ететін өте қажетті жұмыс.   Жаңа этиканы қалыптастыру ісі ел алдындағы азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына байланысты екені сөзсіз. Қоғамдық орындарда келеңсіз, жөнсіз әрекеттерге жол бермеу қажет.   Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе.   Жалпы, жұртымыз елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап бағалайды.   Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті.   Ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, жаңа буынның, яғни жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастардың келуіне себепші болды.   Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі.   Ашығын айтсақ, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты да – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу.   Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес".  
28 тамыз 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

№63 (9430).

22 тамыз 2026 ж.

№62 (9429)

18 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31