Қаз шаруашылығына арналған фестиваль

Қызылжардағы қазға арналған фестиваль шаһардың ең үлкен сарайы Н.Погодин атындағы орыс драма театрында ашылды. Оның ресми салтанатына Мажарстанның бас консулы Соке Саболч, Татарстанның татар кәсіпкерлеріне көмек жөніндегі Дүниежүзілік қауымдастығының атқарушы директоры Фарид Уразаев және Башқұртстан, Чувашия және Мари Эл Республикасынан құс өсіру саласының басшылары, өз елімізден Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы мамандары қатысты. Жиынды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев аталған іс-шараның маңызына тоқтала келе, қамтылған мәселелер саланың дамуына тың серпін береріне сенім білдірді.
«Бұл бірегей бастама ынтымақтастықты дамыту, бірлікті нығайту және Қазақстан халқының экономикалық мұрасын сақтау, ауыл тұрғындары арасында қаз өсіруге қызығушылық арттыру, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тартуды көздеген игі іс-шара боларына сенімдіміз», деді ол.
Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәурен Тоқушынов өңірдегі құс шаруашылығын дамытудың келешегі мен мәселелері туралы айтты. Сонымен қатар ол осы сала бойынша шетелдіктермен ынтымақтасуға әзірлігін білдірді.
Форум барысында қаз шаруашылығы бойынша Мажарстан мемлекетімен ынтымақтасуды нығайту, саланы дамытудың практикалық негіздері, құрамажем және ол үшін концентраттар өндіру, мамық өңдеу, сою мен өткізу, Батыс Қазақстан облысында қаз өсіру тәжірибесі мен Алматы облысында қаз шаруашылығын дамыту барысы сияқты мәселелер талқыланды.
Бұған қоса осыдан біраз жыл бұрын қанатқақты жоба ретінде Ақмола облысында бірнеше отбасына 160 қаз балапанынан бағу үшін тегін берілгенін, олардың жемі мен ветеринарлық бақылауды өздері жүргізгенін, ал арада 4-5 ай өткенде бағушылар фермерлерге оның санының тек 25 пайызын ғана қайтарып, шығынын өтегенін, ал қалғанын өздері қалауынша сатып, 1,5 млн теңгедей табыс тапқаны айтылды. Қазір сол отбасыларының кейбірі 1,5 мыңдай балапан асырап, сатуға қол жеткізіп отыр екен. Міне, осындай озық тәжірибелерді тарату жағы насихатталды. Фестиваль барысында қаз етінен жасалған тағамдар ұсынылды. Ресей жерінен келген татар, башқұрт және т.б халықтардың аспаздары дайындаған бұл дәмдер тіл үйірді. Олар қызығушыларға тағамды дайындау рецептерімен де бөлісті. Ал театр алдындағы алаңда фермерлік және кәдесый тауарларының жәрмеңкесі қызып жатты. Осы жерде ер-тоқым түрлері, ат әбзелдері сөрелерде самсап тұрды. Фестиваль қаланың бас алаңында да жалғасып, мұнда асық ату, армрестлинг, гір көтеру, қаздар жарысы және т.б спорт жарыстары мен этнофольклорлық ансамбльдер концерті өтті. Бұрын-соңды Қызылжарда болмаған қаз жарысының да өзіндік қызығы көп болып, көрермендерді мәз қылды. 20 қаз қатысқан қоршаулы жолдың бойында көрермендер қаздарды телефондарымен түсіріп әлек. Осылайша, Солтүстік Қазақстан көктемінің алғашқы күндерінде елді елең еткізген, халықты шаттыққа бөлеген ерекше думан салтанат құрды.
Солтүстік Қазақстан облысы