Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ыдыс жууға ерініп, балаларды бір қасықпен тамақтандырған»: Маңғыстауда тәрбиеші жұмыстан кетті

«Ыдыс жууға ерініп, балаларды бір қасықпен тамақтандырған»: Маңғыстауда тәрбиеші жұмыстан кетті

«Ыдыс жууға ерініп, балаларды бір қасықпен тамақтандырған»: Маңғыстауда тәрбиеші жұмыстан кеттіМаңғыстау облысы, Мұнайлы ауданындағы жеке балабақшалардың бірінде 8 бала екі ыдыстан бір қасықпен тамақтанғаны туралы бейнежазба ата-аналардың ашуын туғызды. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баланың қолы жарақаттанғанын ата-анасы кеш білді
Оқиғаға қатысты зардап шеккен қыздың анасы есімін жасырын қалдыруды сұрады. Оның айтуынша, баласының қолы көгеріп, жарақаттанғанын кешкісін әкесі байқап қалған. Кейін ата-анасы балабақшадағы бейнебақылау жазбасын қарап, тәрбиешінің бүлдіршінді қолынан жұлқып, күш қолданғанын анықтаған.
Тәрбиеленушілерді бір қасықпен тамақтандырған
Камера жазбасында тәрбиешінің бір дастарқан басында отырған 8 балаға бір ғана қасықпен тамақ бергені көрінеді.
«Алдарына екі сорпа ыдысы қойылған. Ал тәрбиешісі жалаң қолмен нанды турап, сол ыдысқа салып береді. Бергенде де жеке-жеке емес, бір қасықпен 8 баланы бірден тамақтандырады», – делінген хабарламада.
Бөбекжай басшылығы мен білім бөлімі не дейді?
Жеке балабақша директоры Раушан Аяпбергенова бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, тәрбиеші ыдыс жуудан қашып, жұмысын жеңілдету үшін осындай әрекетке барған.
«Сол күні мен жұмыста болмадым, жылдың басы болған соң балабақшаға өзгерістер енгізейін деп шаруалармен сыртқа шықтым. Негізі бала санына сай ыдыстар жеткілікті, тамақ та аз емес», – деді директор.
Ал Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы бұл жайтқа байланысты тәрбиешіге арнайы айыппұл салынғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, құзырлы органдарға тиісті шара қолдану жөнінде хат жолданған. Қазіргі таңда бүлдіршін басқа балабақшаға ауыстырылған. Бұл жағдай қоғамда балабақшалардағы санитарлық талаптардың сақталуы мен бала қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Ата-аналар мектепке дейінгі мекемелерге бақылауды күшейту қажеттігін талап етуде.
10 ақпан 2025 ж. 179 0