Қазақстандық балаларға Ұлттық қордан 129 доллар түсті
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында балаларға төлемдер түсе бастады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бағдарламаға қатысатын балалардың 2024 жылға арналған арнайы шоттарына 129,38 доллардан түсті. Бағдарлама іске асырылғаннан бері 2 жылдағы бір балаға жалпы жинақталған сома 232,94 доллар болады. Айта кетейік, kids.enpf.kz сайтынан балалардың шоттарындағы қаражатты тексере аласыз, ол үшін баланың ЖСН-ін енгізу қажет. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында алғашқы төлемдер 2024 жылы жасалған еді. Ол кезде әр балаға 100,52 АҚШ доллары бөлінген. Бұл қаражат – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 18 жасқа толмаған балаларға аударатын міндеттемесі. Еске салайық, бұған дейін қазақстандық балаларға 129 доллардан түсетіні хабарланды. Ұлттық банк «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттарына кезекті қаржы аударылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, барлық қатысушыға төленген жалпы сома 888,8 млн АҚШ доллары екені айтылды. 2024 жылдың аяғында бағдарламаға қатысушы бала саны 6 921 035 болды.