Қызылордада жылыжай өндірісін дамытуға не кедергі
Қызылорда облысында жылыжай өндірісінің дамуы көңіл көншітерлік емес. Оған не себеп? Kazinform тілшісі осы тақырыпта жауапты мамандармен ой бөлісіп көрген еді.
Ерекше жауапкершілікті қажет етеді
Сыр өңірі негізінен өндіріспен қатар аграрлық салаға да бейімделген. Облыста жылма-жыл 189 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі.
Дегенмен қысқы мезгілде көкөніс-бақша өнімдеріне үлкен сұраныс байқалады. Бұл жылыжай өндірісіне байланысты бірқатар проблема бар екенін аңғартады.
Көпшілік тарапынан аталған мәселе жиі қозғалады. Соған қарамастан ол әлі де түйткілді тақырыптың бірі болып отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, аймақта жалпы көлемі 12,1 гектарды құрайтын 21 ғана жылыжай бар.
Қазақстан фермерлер одағы облыстық ұйымының төрағасы Омархан Пашкенов өңірде жылыжай өндірісінің дамуына барлық мүмкіндік бар екенін айтады. Сондықтан бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлер бетбұрысы қажет.
— Соңғы уақытта жылыжай шаруашылығын дамытуға ниет білдірген азаматтардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Десе де әзірге көңіл көншіте қоймайды. Кезінде жылыжайға қатысты проблема аз емес еді. Атап айтқанда, жергілікті тұрғындар оған электр энергиясын көбірек қолданатын. Бұл көкөніс дақылдарының өзіндік құнының қымбат болуына алып келетін. Қазір облыстағы елді мекендердің басым бөлігіне «көгілдір отын» жеткізілді. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ықпалын тигізеді. Әрине, бұл кәсіп ешкімге оңай тие қоймайды. Жылыжайда көкөніс дақылдарын егу дәлдікті, жауапкершілікті, ықтият болуды талап етеді. Бір жерден қате жіберсең, барлық істеген ісің жоққа шығуы ғажап емес, — дейді ол.
Оған маманданған агроном тапшы
«Болашақ» университетінде аға оқытушы болып қызмет атқаратын ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Ақерке Кеңесбайқызы жылыжайда жұмыс істей алатын агрономдарды дайындау мәселесін қолға алу қажеттігін айтады.
Өзі де жоғары оқу орны жанындағы жылыжайда біраз жылдан бері қызанақ, қияр, қырыққабат секілді дақылдарды өсіреді. Жылма-жыл мол өнімге негіз қалап келеді.
Тіпті соңғы уақытта жылыжайда лимон мен банан да өсіруге болатынын дәлелдеді.
— Жылыжайда қияр мен қызанақтың 5-6 түрін өсіруді қолға алдық. Әрқайсысына жағдай жасауың керек. Олардың қалыпты өсуіне назар аударамыз. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде мұнда құлпынайды да шығара алдық. Менің ойымша, Қызылордада жылыжай шаруашылығын дамытуға әбден болады. Десе де оған маманданған агроном дайындау мәселесіне назар аударғанымыз дұрыс. Басты себептің бірі — осы маман тапшылығы деп ойлаймын. Мәселен, ұзақ жылдар бойы егіс алқабында еңбек еткен агроном жылыжай ісін өркендетіп кете алмайды. Сырт көзге бұл кәсіп оңай көрінетін шығар. Онымен айналысқан адам алғашқыда біраз қиындыққа кезігуі мүмкін. Жалпы, жылыжай шаруашылығы Түркістан облысында кеңінен дамығаны белгілі. Біз осы істі бастайтын кезде сол облыстың Сарыағаш ауданына барып қайттық. Сол жақтағы бағбандардың жұмысына қарай отырып «Қызылордада неге жылыжай ісін дамыта алмаймыз» деген ой келді, — деді Ақерке Кеңесбайқызы.
Қыс мезгілінде сырттан тасымалдайды
Бұл мақсатта жылыжай шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар.
Атап айтқанда, оған ниет білдірген азаматтар «Ауыл аманаты», «Бастау Бизнес» арқылы қалаған сомасында несие алуына, сондай-ақ 1 млн 476 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алуына болады.
Алайда ауыл шаруашылығы бойынша несие алуға өтініш білдірген азаматтардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға ықылас білдірген.
Соның салдарынан қызылордалық тұрғындар қыс айларында және ерте көктемде алыс-жақын шетелден келген өнімдерді тұтынуға мәжбүр.
Бұл өнімдерді өзімізде өндіруге не кедергі? Жергілікті кәсіпкерлер жылыжай шаруашылығын дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламаларды пайдалануға неге қызығушылық білдірмей отыр?
«Аграрлық несие корпорациясының» облыстағы филиал директоры Маханбет Тұрмаханов аталған сауалға былайша жауап берді.
— Оған бірнеше себеп бар деп ойлаймын. Мәселен, ауа райы, жердің құнарсыз болуы егін шаруашылығымен айналысуға көп кедергісін келтіреді. Біз ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жылыжай өндірісін дамытуға қаржылай көмек көрсетуге дайынбыз, — деді ол.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда қамысы Еуропа елдеріне экспортталып жатқанын сөз еткен едік.