Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАҢА НЫСАН

ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАҢА НЫСАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіпөркендейді» деген болатын. Ел Президентінің, Үкіметтің Сыр өңіріне деген жанжақты қолдауымен бүгінгі күні өңірде ауқымды жобалар жүзеге асып, ел игілігі үшін жаңа нысандар бой көтеруде. Еліміз жалпы ішкі өнімнің өсу үлесі бойынша Орта Азия мемлекеттері ішінде көш басында тұрса, Қызылорда облысы экономиканың түрлі саласында дамудың оң серпінін қалыптастырып, нәтижесінде алдыңғы орындарда төбе көрсеттік. Бұл тұрғыда киелі мекен Шиелі ауданының да үлес салмағы жоғары.
Жаңа жыл Шиелі ауданы үшін ақжолтай жаңалықтармен бастау алды. Өткен жылы іргетасы қаланған бірнеше ғимараттың құрылысы сапалы аяқталып, жыл басында қолданысқа берілді.
Қаңтардың алғашқы күндері ауданға арнайы іс сапармен келген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құрылысы аяқталған бірқатар әлеуметтік нысандардың лентасын қиып, өңір халқымен жүздесті. Шараға Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, айтыстың ақтаңгері Жүрсін Ерман, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, қоғам қайраткерлері мен тұрғындар қатысты.
ЕМХАНА ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың Шиелі ауданындағы сапарының алғашқы күні Бестам, Ә.Тәжібаев ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың ашылуынан басталды. Медициналық мекемелер «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған.
Облыс әкімі жиналған қауымды жаңа жылмен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс саласындағы жетістіктерге тоқталды.
– Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында қазіргі таңда аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналды. Өткен жылдың қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік. Облысымыздың бюджеті 750 млрд теңгеден асты, осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады. Бұл ауқымды қаражат тұрғындар көтерген ең өзекті мәселелерді шешуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек» деп атап өтіп, бірқатар маңызды міндет жүктеді.
Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн теңгеге жетті. Ұлттық жоба аясында барлық ауданда 10 млрд 200 млн теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, Шиелі ауданында 3 дәрігерлік амбулатория Досбол би, Бала би, «Бұланбай бауы» ауылдарында бой көтерді.
Тәуелсіздік күні дәрігерлік амбулаториялар Тартоғай және Алмалы елді мекендерінде ел игілігіне табысталса, бүгін Ортақшыл, Ә.Тәжібаев, Бестам ауылдарында пайдалануға береміз. Жаңа ғимаратта ауыл тұрғындары сапалы әрі уақытылы бастапқы медициналық қызмет алады деп сенеміз. Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іске қосылған дәрігерлік амбулаториялар құрылысын «Бақ-Береке» ЖШС сапалы әрі сәулетті етіп салған. Жиында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жиналған жұртшылықты құттықтады. Сондай-ақ Қызылорда облысының Құрметті азаматы Дайрабай Ысқақов бата беріп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен ауылға сән берген әсем ғимараттарды салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
ОРТАҚШЫЛДАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ
Жыл сайын өңірде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Ауданның келбеті өзгеріп, ауылдың ажары арта түсті. Осыған дейінгі аудан әкімінің есеп беру жиындарында ауыл халқының талап-тілектері тыңдалып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келеді. Оған дәлел – Ортақшыл ауылындағы қос қуаныш. Жаңа жылда ауыл халқы «көгілдір отынмен» қамтылып, ел игілігіне су жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Аймақ басшысы ортақшылдықтарды ауылға «көгілдір отынның» келуімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп атап өткен болатын. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар қолға алынды, байыпты бастамалар іске асып халық игілігіне айналды. Өткен жылдың қорытындысымен өңіріміз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіш бойынша республикада алдыңғы қатарға орнықты.
Бұдан бөлек, ауданның Сыр беткейіндегі жұртшылықты «көгілдір отынға» қосу үшін 1 млрд 165 млн теңгеге Мұстафа Шоқай автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы басталды.
Елдің дамуы ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдың дамуы, келешегінің зор болуы – бекем бірлігіміз бен тату тірлігімізге байланысты. Бүгінгі қуаныш барша отбасының бақыты мен шаттығын еселесін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Туған жеріміз Сыр өңірі қарыштап дами бергей! – деді аймақ басшысы.
Салтанатты жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов жиналған жұртшылықты құттықтап, ел ағасы Қорғанбек Қайруллаев батасын берді.
Сонымен қатар, Ортақшыл ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен салынған дәрігерлік амбулатория ашылды.
120 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Шиелі ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін салынған 120 пәтерлік 60 жаңа тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады.
Аймақ басшысы Жаңа жылдың алғашқы күндерінде көл-көсір қуанышқа кенеліп, жаңа баспанаға ие болған тұрғындарға ізгі тілегін білдірді. Жыл қорытындысымен іске асқан аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді атап өтті.
– Алдымен баршаңызды Жаңа 2025 жылмен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Жаңа жыл жемісті де нәтижелі, ырыс-несібесі мол жыл болсын. Мереке күндері Шиелі ауданында бірқатар нысан ашылып, Ортақшыл ауылына «көгілдір отын» келді. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауы барлық саланың көтеріңкі көрсеткіштерінен, іске асқан жобалардан, қолданысқа берілген нысандардан, байыпты бастамалардан байқалады. Жыл бойы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік. Әсіресе, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар елді мекендердің тыныс-тіршілігінің тамырына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашты.
Мұндай маңызды бастамалар әрі қарай да жалғасатын болады. Елдік мүддеге қызмет етіп, жаңа баспаналарды сапалы салып, уақытылы аяқтаған мердігер компания ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналып, қуаныш пен құт қонсын! Балаларымыздың шат күлкісі үйдің ішін бақытқа толтырсын! Қуаныштарыңыз көбейсін! Қоныстарыңыз құтты болсын!, – деді аймақ басшысы.
Шарада Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев жиылған жұртшылықты құттықтады, ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев батасын берді.
Айта кетейік, жаңа пәтерлер 3 бөлмелі, ас үй мен жылыту бөлмесі де қамтылған. Сапалы құрылыс материалдарынан салынған баспаналар кенттің келбетін одан әрі көріктендіре түсті.
«РУХАНИЯТ ОРТАЛЫҒЫ» АШЫЛДЫ
Өткен жылы «Алаштың анасы» атанған киелі Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланған болатын. Осыған сәйкес, өңірде өнер мен мәдениет саласында серпінді өзгерістер болып, жаңа жобалар жүзеге асты. Облыстың барлық аудандарында 11 млрд 500 млн теңгеге тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалары бар, музей, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілуде.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың сапары барысында «Көкшоқы» мөлтек ауданындағы «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мерекелік іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Нұртөре Жүсіп, Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Аманжол Әлтай, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, сондай-ақ Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағының өкілдері арнайы қатысты.
Салтанатты шара Сыр елінің мақтанышы, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың арнауымен ашылды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлы жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.
Сондай-ақ салтанатты рәсімге арнайы атбасын бұрып келген ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтікмәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, жиылған жұртшылықты құттықтап, ақын Жүрсін Ерман ақ батасын берді. Ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.
Жиында киелі Шиелі ауданының тумасы, айтыстың ақтаңгері, жуырда арқа төрінде өткен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Мейірбек Сұлтанхан арнау айтып, әрдайым тілеулес болып отыратын Сыр жұртшылығына алғысын білдірді.
Бұл – Сыр елінің айтыскер ақындары жеңіп алған екінші «Алтын домбыра». Оны Сыр руханиятының жұлдызын биікте жарқыратқан айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін Мейірбек Сұлтанхан иеленіп, жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Еңбек тақырыбын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «Адал еңбек – адал табыс – адал адам» қағидатын жырлап, көрерменді асыл сөздің нәрімен сусындатты.
Шара барысында облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы «Алтын домбыра» иегері Мейірбек Сұлтанханға алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тілеп, қаржылай сыйақы табыстады. Содан соң «Руханият орталығының» лентасы қиылды.
Шиелі ауданына іс сапармен келген қонақтар ғимарат ішіндегі орталықтарымен танысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев неке қию залынан алғаш болып неке куәлігін алған 3 жас отбасыға жылы лебізін жолдап, теледидар тарту етті.

М.ИБРАГИМОВ

08 қаңтар 2025 ж. 66 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№1 (9268)

07 қаңтар 2025 ж.

№103 (9267)

30 желтоқсан 2024 ж.

№102 (9266).

28 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031