АУДАН ӘКІМІ АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Жаңа-2025 жыл» мерекесі қарсаңында білім беру ұйымдарының директорларымен, балабақша меңгерушілерімен және “Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы” кадрлық резервіне өткен ұстаздармен кездесіп, еңбегімен еленген білім беру саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетті. Айта кетейік, аудан басшысы білім беру саласын дамытуға зор үлес қосып жүрген қызметкерлердің мәртебесін көтеріп, еңбегін қолдау және ынталандыру мақсатындағы келелі кездесулерді жиі өткізеді. Бүгінгі кездесу білікті мұғалім болуға талпынған саладағы жас мамандарға үлкен ұмтылыс сыйлады. «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау өте маңызды міндет. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы бойынша республикалық кадрлық резервіне 4 жерлесіміз алынды. Оларды шын жүректен құттықтаймын. Бұл –ауданымыз үшін жоғары көрсеткіш. Алда Сіздер бағындырар белестер әлі де көп» - деді аудан әкімі.
Шиелі ауданы бойынша жалпы білім беретін 38 мектеп жұмыс жасайды. Үш ауысымдық және апатты жағдайдағы білім беру мекемелері жоқ. Ағымдағы жылы жобалық құны 998 млн теңге болатын Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық жаңа мектеп құрылысы толығымен аяқталып, 1 қыркүйекке пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жобалық құны 784 млн теңге болатын Г.Ковтунов атындағы №252 мектеп-гимназиясына 375 орындық қосымша корпус құрылысы жүргізілді. Шиелі кентінде 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық өнер мектебінің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екендігін тілге тиек етті. Кездесуде педагогтар кәсіби біліктілігін шыңдау, білім беру жүйесіндегі әдістер жайында сөз қозғап, аудандағы білім саласының өзекті мәселелері жөнінде ойларын ортаға салды.