Жайдарлы жайдармандағы жалынды жастар

Қазіргі таңда түрлі салада қызмет ететін жастарымыз елдің дамуы жолында білім-біліктілігімен жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да түрлі бағдарламалар қолға алынып, жастарды қолдау жобалары іске асырылуда. Жалпы айтқанда, еліме адал қызмет етемін дейтін жас буынға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Атқарылып жатқан қарқынды жұмыстар нәтижесінде жыл сайын өңірде жас мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы жетіліп, бәсекеге қабілетті тұлғалармен толықтырылып келеді. Тағы бір қуантарлығы, бүгінде жас мемлекеттік қызметшілер қоғамдық жұмыстарға, сонымен қатар өңірде өткізіліп жатқан мәдени іс-шараларға да үлес қосуда.
Өткен жексенбі Қызылорда қаласы, «Достық» үйінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қызылорда қаласы әкімдігі және облыстық Жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен жас мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық «Жайдарман» фестивалі өтті.
Қағытпа қалжың, әсерлі өнер сайысында 7 аудан және 1 қаладан жалпы 8 команда қатысып, тамаша ойын өрнегін көрсетті. Жас мемлекеттік қызметшілер бас қосып қатысқан жайдарманды тамашалауға келген көрермендер астарлы әзіл мен керемет көңіл күйдің куәсі болды. Мемлекеттік қызметшілердің жоғары дәрежеде көрсеткен өнеріне тәнті болғандықтарын да жасырмады.
Сыр елінде өткізілген аталған облыстық жайдарман сайысының нәтижесінде, әділ-қазы алқасының ұйғаруымен 1-орынды шежірелі Шиелі ауданынан барған «Шиелі құрамасы» қанжығалады. Сондай-ақ, жүлделі 2-орынды «Жалағаш құрамасы» және көрерменнің ерекше ықыласына бөленген «Қазалы құрамасы» 3-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, сайыстың «Үздік ойыншысы» номинациясы қызылордалық «Сот» құрамасының ойыншысы Ержан Сағатовқа бұйырды.
Жайдарман ойынының соңында, қазылар алқасы тарапынан сайыстың жоғары деңгейде өткізілгенін және мемлекеттік қызметшілердің нағыз кәсіби жайдарманшылардан кем өнер көрсетпегендігі айтылды. Өз кезегінде ұйымдастырушылар бұл ойын дәстүрлі түрде жалғасын тауып, алдағы уақытта республикалық деңгейде өткізу жоспары тұрғанын жеткізді.
М.Ибрагим