Ат бәйгесі – дәстүрлі тойдың дара салтанаты
Сенбі күні Қызылордада Қала күні мен «Алтын күз-2024» дәстүрлі мерекесі аясында ұлттық ат спорты бәйгесі ұйымдастырылды. Дүбірлі бәйгені облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары тамашалады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
– Берекесімен, молшылығымен келетін күз мезгілінде халқымыз егінін жинап, қамбасын толтырып, мәре-сәре болып, бір жасап қалады. Егінім бітік шықты деп, қуаныш тойын тойлап, ат шаптырып, бәйге береді.
Ертеден жеткен осы дәстүрімізді біз де жалғастырып келеміз.
Қыркүйек айында Мемлекет басшысының бастамасымен өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 4 саңлағымыз бақ сынап, 2 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Осылайша Сыр спортының жылнамасын жаңартты, этноспорттың дамуына үлес қосты.
Бүгінгі бәйге Сыр өңірінің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне мол мүмкіндік береді деп сенемін!
Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен бәйгеде тұлпарлардың тұяғы талмасын, арғымақтар аламанда арындасын! Шабандоздардың тақымы тастай болсын! – деді облыс әкімі.
Жарысқа қатысушыларға ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы ақ батасын берді.
Жылдағы үрдіс бойынша, Қызылорданың «Алтын күз» мерекесінде ат шаптырып, бақ пен бап сынауға ынтызарлар көп. Оның үстіне көршілес облыстардан келетін атсейістер де аз емес. Биыл да сол үрдіс салтанат құрды. Аламан, тоқ, құнан, тай бәйгелері ұйымдастырылып, арындаған жүйріктер, сол жүйріктерді тақымында толқытқан шабандоздар ұлттық өнердің сара сайысын тамаша тартуға айналдырды. Жеңімпаздарға басы 3 млн теңгеден бастап ақшалай сыйлық жасалды.
«СБ» ақпарат