Иммундық жүйені бақылаудың тың жолы

«Ойымызда жобаның алғашқы ұшқыны 2016 жылы пайда болды. Содан бері платформаны әзірлеуге 8 жылдан астам уақыт жұмсадық. Осы аралықта 4 авторлық құқық алып, сауда маркасын тіркеп қана қоймай, платформаның құрылымын қайта қарап, жасанды интеллектіні кіріктірдік. Биыл шілдеде өнім өндіріске сәтті енгізілді, белсенді қолданып жатқан клиникалар мен емханаларда жақсы көрсеткіштер байқалады. Платформа ұсынған нәтижелердің дәлдігі орташа есеппен 98,7%-ды құрайды», дейді «ImmuniGuide» негізін тең қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, дәрігер-онколог Нұрлыбек Өдербаев.
Жобаның басты артықшылығы – медициналық деректерді жоғары жылдамдықпен, дәлдікпен өңдей алатын жасанды интеллектінің кірігуінде. Бұл – егжей-тегжейлі жекелендірілген есептерді кез келген тілде ұсынуға мүмкіндік береді. Ғалымдар денсаулық сақтау саласын дамытуға септесетін отандық өнімдерін халықаралық алаңға шығаруға дайын. Оның үстіне жоба шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып үлгерген. Мысалы, қазірде Малайзия тарапымен платформаны сол аймақта сынақтан өткізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алда ғалымдар технология аясын кеңейтіп, оны Азияға ғана емес, Еуропа мен АҚШ елдеріне жеткізуді көздеп отыр.