Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықаралық келісімдер ратификацияланды

Халықаралық келісімдер ратификацияланды

Халықаралық келісімдер ратификацияландыМәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен төменгі палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын қарастырды. Оның үшеуі халықаралық құжаттарды ратификациялауға бағытталған. Сондай-ақ Мәжілістегі «Ақ жол» партия­сы фракциясының мүшесі Серік Ерубаев палатадағы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайланды. 
Мемлекеттік қызметшіге қатысты мәселелер қарастырылды
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойын­ша Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева «Қазақстан Республикасы Парламентінің комиеттері мен комиссиялары туралы» заңының 14-бабына сәйкес, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаевтың өтінішін ескере отырып, оны Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайлауды ұсынды. Тиісті қаулы жобасы депутаттардың дауы­с беруі нәтижесінде қабылданды.
Одан кейін жалпы отырыстың қарауына Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірін­ші орынбасары Ұлан Сарқұлов «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды.
Баяндамашының айтуынша, заң жобасы Конституциялық Соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы нормативтік қаулысын жүзеге асыруға бағытталған. Осы нормативтік қаулыға сәйкес, «Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13-бабы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген барлық адамға кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығын шектеу бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейтін болып танылған.
Яғни мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдар бұдан былай кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады. Ал мұндай санаттағы адамдарға РМК-да, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептерде, ауруханаларда басқару функцияларын жүзеге асыратын адамдар жатады.
– Сонымен қатар теңестірілген адамдар арасынан кейбіріне бұрынғыдай тыйым сақталады. Мәселен, «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, өкілеттігін тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілеріне, ұлт­тық холдингтердегі және ұлттық ком­паниялардағы басқарушыларға кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат жоқ.
– Бұған қоса қазір де аталған ұйым­дардың, ұлттық компания­лар мен ұлттық холдингтердің қатар­дағы қыз­меткерлері заңмен тыйым салын­баған кез келген кәсіпкерлік қыз­метпен айналысуға құқылы. Өйткені олар «мемлекеттік функцияларды орын­дауға уәкілеттік берілген адамдарға теңес­тірілген адам» ұғымына жатпайды, деді Ұлан Сарқұлов.
Дегенмен заң жобасында көрсе­тілгендей, теңестірілген адамдар кәсіп­керлік қызметпен айналысатын болса, ол олардың лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтірмеуге тиіс. Сондай-ақ тиісті қызмет олардың қызметтік мүлкін пайдалануына әкеп соқпауға тиіс және лауазымдық міндеттермен мүд­делер қақтығысына жол берілмеу керектігі де көзделген.
Мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның, Президент Әкімшілігі бөлімдерінің ұсыныстарын ескере отырып, заң жобасында төмендегідей түзетулер көзделіпті.
– Бірінші, қолданыстағы заңнама бойынша мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында пайлық инвестициялық қорлардың, облигациялардың пайларын және коммерциялық ұйымдардың 5%-ға дейінгі жай акцияларын сатып алуға және сатуға құқылы. Сонымен қатар аталған адамдар сатып алынған ак­цияларды сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.
Елде халықтық IPO-ны дамыту жө­ніндегі акция іске асырылып жат­қанына байланысты, сондай-ақ сенім­герлік басқару шартын нотариалды куә­ландыруға қосымша шығындарды болдырмау мақсатында, коммерциялық ұйымдардың акцияларының 5%-ына дейін сенімгерлік басқаруға беру туралы талаптың күші жойылады.
Екінші, коммерциялық ұйымдардың пайларын, облигацияларын, жай акцияларының 5%-ына дейін сатып алуды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында (қор биржасында) ғана емес, басқа да заңды негіздер бойынша, оның ішінде азаматтық-құқықтық мәміле арқылы, мұра бойынша және т.б. сатып алуға болады.
Үшінші, Азаматтық кодексте цифрлық активтер Салық кодексіне сәйкес олар табыс әкелетін және салық декла­рациясында көрсетілетін мүлікке жатқызылғандықтан, заң жобасында цифрлық активтерді сенімгерлік басқаруға бермей сатып алу мүмкіндігі көзделген.
Төртінші, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда мем­лекеттік қызметшілер мен оларға те­ңес­тірілген адамдардың сенімгерлік бас­қаруға берілген мүліктен табыс алу құқығы бекітілмек. Осыған ұқсас норма «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда бар және қолданылады.
Бесінші, «Үкімет туралы» Консти­туциялық заңда және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда мұндай тыйым көзделмегендіктен, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда Үкімет мүшелеріне өздеріне тиесілі тұрғын үйді жалға беруге тыйым алынып тасталады. Яғни Үкімет мүшелері басқа мемлекеттік саяси қызметшілермен қатар, оларға тиесілі тұрғын үйді жалға бере алады, – деді Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төраға­сының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
 
Көгілдір отынның көкейкесті зәрулігі
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралып, заң жобалары қабылданған соң депутаттар елдегі өзекті мәселелерге қатысты сауалдарын жолдады.
Депутат Қайрат Балабиев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға Түркістан облысында 300-ге жуық елді мекенде тұратын жарты миллионға жуық адамның көгілдір отынсыз күн өткізіп келе жатқанын жеткізді. Ал бұл түйткілге жауапты тиісті ведомство мен атқарушы органдар жағдайды оңалтуға асығар емес.
– Түркістан облысында табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 557-ге жетіп, қамту деңгейі 67,2 пайызды құрайды. Десе де, әлі 300-ге жуық елді мекені осы күнге дейін газбен қамтылмаған. Яғни жарты миллиондай жұрт көгілдір отынсыз күнелтіп келеді. Үш айдан бергі газ тапшылығы «жығылған үстіне жұдырық» болып, газ баллондарын сақырлатып, жұртты бекет жағалатып қойды. Бұған автокөліктері тек газбен жүретіндерді қосыңыз. Ал үш айдан бері не Энергетика министрлігі, не әкімдіктер мәселені шешуге асығар емес. Жалпы, газ жағдайы ушығып барады. Қыс болса – қыр астында. Табиғи көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген ауыл тұрғындары газ баллондарын кәдеге жаратып жүр еді. Ал қазір ол да жоқ. Қалыптасқан жағдайды кім және қашан шешеді, – деген депутат Р.Склярдан құзыретті органдарға өңірлердегі газ тапшылығын шұғыл шешу, автогаз бекеттеріне тексеру тағайындау сынды бірқатар тапсырма беруін сұрады.
 
Астан улану неге азаймай тұр?
Ал «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары жақында Маңғыстау облы­сындағы мектеп асханасында болған 460 адамның улану оқиғасын қайта кө­теріп, Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғаринға қоғамдық тамақтандыру саласындағы өрескел санитарлық заң бұ­зушылықтарды реттеу керектігін жет­кізді.
– Маңғыстау облысында мектеп асханасында 460 адамның улануына қатысты жүргізілген эпидемиялық тексерудің нәтижелері, болжанғандай, өрескел санитарлық бұзушылықтарды анықтады. Өкінішке қарай, бұл факт – жалғыз емес. Тек Денсаулық сақтау министрлігінің санэпидбақылау комитетінің ресми деректеріне сүйенсек, осы жылдың бірінші жарты жылдығында елімізде жаппай тамақтан уланудың 10 жағдайы тіркелген. 215 адам зардап шекті, оның ішінде 103-і – балалар. Уланудың жалпы санының 60 пайызы – қоғамдық тамақтандыру, 20 пайызы – білім беру, ал қалған 20 пайызы сауда нысандарына тиесілі. Уланудың барлық жағдайы немесе өмір мен денсаулыққа қауіпті тауарларды сату фактілері қанша екенін ешкім білмейді, деді «ақжолдықтар».
Ал адал кәсіпкерлердің мүдделерін қорғай отырып, аталған тапсырманы әр­дайым қолдап келе жатқан «Ақ жол» фракциясының Үкіметке берген ұсыныстары оң қорытынды ала алмай келеді екен. Яғни Үкімет өз қоры­тындысында ойдан құрастырылған және негізсіз себептермен фракцияның ұсыныстарын қолдаудан бас тартқан. Осыған байланысты «ақжолдық» депутаттар Үкіметтің теріс қорытындысына қарамастан, Үкіметтің ұстанымымен үзілді-кесілді келіспейтінін білдіріп, осы заң жобасын талқылау барысында өз ұсыныстарын талап ететінін шегелеп айтты. Сонымен қатар фракция мүшелері Үкіметтен сапа мен қауіп­сіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды айналымнан шығарып алу механизмдерін енгізуді де талап етпек.
 
Ауызсу тапшылығына алаңдайды
Депутат Гүлдара Нұрымова Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында Президент 2025 жылға дейін барлық елді мекенді ауызсумен қамту бойынша тапсырма бергенін алға тартып, аталған тапсырманың кей облыс­тарда орындалмай қалу қаупі барын жеткізді.
– Бүгінгі таңда ел бойынша ауызсумен қамтудың ең төмен деңгейі – Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қарағанды және Жамбыл облыстарында. Сонымен қатар 121 ауыл бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалмау қаупі бар, оның ішінде 70 ауыл бойын­ша ЖСҚ бар болса, 51 ауыл бойын­ша жоқ. Осы тізімге кірмеген, есепке алынбаған да ауылдар бар. Ақиқатын айтсақ, бұлар – қағаз жүзінде ауызсуы бар, ал іс жүзінде жоқ елді мекендер. Мемлекеттің қазынасынан бөлінген қаржы желге ұшып жатыр. Мысалы, Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданына қатысты Жарлысу, Мойынқұм ауданына қатысты Қылышбай елді мекендерінде ауызсу мәселесі шегіне жетіп тұр. Қылышбай ауылындағы жағдай фильтр орнату арқылы жарым-жартылай шешілген болса, Жарлысу ауылын ауызсумен қамту әлі де шешімін таппай отыр. 2021 жылдың сәуірінде жергілікті басылымда шыққан мақалада ауызсудың халыққа жеткені және сумен қамту жұмыстарының сәтті өткені туралы хабарланған. Бұл – нағыз көзбояушылық, жауапсыздық. Ауыл тұрғындары көптеген кемшілікті анықтап тиісті органдарға жеткізген. Бірақ нәтиже жоқ, – деді Г.Нұрымова.
Осыған орай, Гүлдара Алданышқызы Роман Склярдан аталған жағдайды жеке бақылауына алып, тиісті тексерісті өткізіп, тағы осындай жағдайдағы ауылдарды анықтап, жобалық сметалық құжат жоқ 51 ауыл бойынша жұмыстарды тез арада атқарып, ауылдарды ауызсумен қамтуды қағаз жүзінде емес іс жүзінде шешуді сұрады.
03 қазан 2024 ж. 92 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930