Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаш анасы – руханияттың панасы

Алаш анасы – руханияттың панасы



Ұлт руханиятының ұйытқысы болған Сыр өңірі, аптаның сейсенбі күні Астана жұртшылығына аймақтағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар легін тізбектеп, облыстағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген 12 нысанның үлгісімен таныстырды. Сонымен қатар, «Қазмедиа» орталығы ғимаратының кіреберісіне сырбойылық суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме ұйымдастырды. Ал, Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Қ.Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыс­та жүзеге асырылуы жөнінде брифинг өткізді.
Бірқатар БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыс әкімі алғы сөзін Елбасының «Сыр елі – Алаштың анасы» деген кереметтей теңеуімен бастап, одан әрі жалпы аймақтағы тарихи-мәдени орындардың өткеніне аз-кем тоқталып өтті. Сонымен қатар, журналистерге Қызылорданың Қазақ Республикасының алғаш астанасы болғанын, халқымыздың қазақ деген атауы 1925 жылы ресми түрде Қызылордада бекітілгенін айтты. «Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Осы ретте, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар болмақ. Сыр өңірі – рухани бай мұраларымызды сақтау, оларды кеңінен насихаттау мақсатындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір аймақ», – деді облыс әкімі.
Одан кейін Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында облыста атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Баяндамадан білгеніміздей, айтулы тарихи құжат тармақтары аймақта мақсатты түрде орындалып келеді. Өткен жылы іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес 600-ден астам іс-шара, 79 жоба жүзеге асырылған. Облыс бойынша бағдарламада қамтылған барлық жобалар мен оның басым бағыттарын жүзеге асыру әрі үйлестіру бағытында өңірлік жобалық офис, өңірлік комиссия мен сарапшылар кеңесі құрылған. Айта кетейік, сарапшылар кеңесінің құрамында зиялы қауым, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблея­сы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, белгілі әлеуметтік пікір иелері бар. Аймақ басшысы осы тұста облыстық, қалалық және аудандық ақпарат құралдарының басын біріктірген «Сыр медиа» медиа-холдингінің мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы әрі жоғары деңгейде жүргізіп отырғанын тілге тиек етті.
Өз кезегінде облыс әкімі журналистерге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланың құрылысымен таныс­тырды. Мұнда әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым объектілерінен бөлек, аймақтық рухани жаңғыру, жастар, IT саябағын қамтитын жастар ресурстық орталықтары бой көтеретін болады. Аймақтық рухани жаңғыру орталығын салу кезінде бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының сызбасы негізге алынған. Оның өзіндік себебі де бар. Себебі, дәл осы орында 1925 жылы «қазақ» деген тарихи атауды қайтару туралы қаулы қабылданған. Ғимараттың бір жағында музей орналасатын болады. Орталық Елбасы бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ашылып отыр. Сол жағалауда салынатын тағы бір нысан – облыстық физика-математика мектеп-интернаты. Қазір 400 орынға лайықталған білім ошағының құрылысы мен қаражатын ұйымдастыру, дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Мұнда Сыр топырағынан түлеп ұшқан атақты математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың ізбасарлары білім алып, болашақта Сыр елінің даңқын биікке көтеретініне сенім мол. Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – «Өлкетану» оқулығын дайындауға облыстық бюджет есебінен 25 млн. теңге бөлініп, оқулық бүгінде баспаға жіберілген.
Бес жыл бұрын құрылған мәдени мұра жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес жұмысы нәтиже беріп үлгерді. Былтыр, мысалы, Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының алдын ала тізіміне енді. Бұл қатарды сондай-ақ, Сығанақ, Жанкент, Кескен күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері мен Сауысқандық петроглифтері толықтырды. Елбасының тапсырмасына сәйкес Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» ескерткіш кешені толық реконструкциядан өткізілді. Бүгінгі күні ескерткіш республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.
«Қазақстанның киелі жерлерінің
гео­графиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат қалашықтары, Кер-дері кесенесі және де Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сығанақ қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі күні олардың 3D форматындағы картасы әзірленіп жатыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыстан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12, өңірлік киелі нысандар тізіміне – 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді, – деді Қырымбек Елеуұлы.
«Сыр елі – жыр елі» десек, қазіргі таңда киелі өлкеде бірнеше жыраулар мектебінің өкілдері ұлттық өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, дәріптеп келеді.
– Оларды заманауи деңгейде дәріптеп, насихаттау үшін аймақта қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашуды жоспарлап
отырмыз. Үкімет қарауына тиісті ұсыныстар дайындалды. Осы ретте, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі биыл 25 мамыр мен 3 маусым аралығында Қызылордада «Шахнама» атты ирандық көрме өткізбек. Олар көрме өткізу арқылы Тұрмағанбет Ізтілеуұлының Фирдоусидің «Шахнамасын» қазақ тіліне аударып, жырлатуы зор маңызға ие екенін жеткізді, – деді аймақ басшысы.
Бұдан өзге облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылған. «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» жобаларына өңірден ұсынылған қатысушылар республикалық және жергілікті ақпарат құралдарында кеңінен дәріптеліп келеді. Бағдарлама жарық көрген бір жылдың ішінде облыс орталығында «Тарлан» бокс орталығы, бірнеше ауылдық елді мекенде ойын алаңдары, спорт кешендері салынған. Ал, осы жылдан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» маман-дықтары бойынша Сыр жастарына 20 грант бөледі. Сонымен қатар, Татарстан Президентімен жыл сайын 20 адамды ақпараттық және цифрлық технологиялар бойынша Иннополис университетінде оқыту туралы келісім жасалынып отыр.
Жалпы кездесуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Туған жерге тағзым» акциясының қалыпты өтіп отырғандығы, сондай-ақ, халықтың рухын көтеріп, салауатты өмір салтын сақтауға қатысты спорттық шаралардың үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқаны айтылды.

Дайындаған
Е.Датқа.
28 мамыр 2018 ж. 1 513 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031