ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
ҚР Президентінің кеңесшісі Ернар Баспаевтің төрағалығымен өткен мәжілісте алдағы жылу маусымына дайындық барысы қаралды. Жауапты министрлер мен бірқатар өңір басшылары атқарылған жұмыстарды баяндады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәжіліске селекторлық режимде қатысты.
Қызылорда облысында жылу беру маусымына дайындық бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Биыл жылумен қамту нысандарына 12 млрд.теңге, оның ішінде жылу-энергия көздерін жаңғыртуға 4 млрд. 800 млн.теңге қаржы бөлінді. «Қызылорда жылу-электр орталығы» Оңтүстік қазандығының «Боно энерджи» маркалы үш бу қазандығы жаңғыртылуда. Жергілікті бюджет және кәсіпорын қаржысы есебінен 2 газотурбиналық қондырғының генераторы мен 11 қазандыққа күрделі, 1 турбина мен 15 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыстың 95 пайызы орындалды.
Жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған 6 жобаны іске асыруға бюджеттен 6 млрд. 900 млн. теңге бөлінді, 9,5 шақырым жылу желісінің 7,2 шақырымы жүргізілді. Облыстағы 1 067 әлеуметтік нысанның дайындығы 100 пайыз.
Қыс мезгіліне 192,8 мың тонна көмір керек, оның 164,5 мың тоннасы тұрғындардың, 28,3 мың тоннасы әлеуметтік нысандардың қажеттілігі. Облысқа көмір жеткізу жұмыстары қарқын алып, бүгінде 34,8 мың тонна әкелінген. Көмір қоймаларында өткен маусымнан қалғанды есепке алғанда 37 мың тонна қор бар.
Соңғы тәулікте аймаққа 1,2 мың тонна көмір жеткізілді, алдағы екі күнде қосымша 4,1 мың тонна келеді. Жоспар бойынша қыркүйектің аяғына дейін 44 мың тонна жеткізіледі деп күтілуде. Бағасы маркасына қарай 17 мың мен 23 мың теңгенің аралығында. Қоймалардағы кезекті болдырмау үшін тұрғындар көмірді осы бастан сатып алғаны дұрыс. Бұл тұрғыда арнайы медиа-жоспар аясында үгіт-насихат кеңінен жүргізілуде.
Жиында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы санитарлық тазалық, абаттандыру жұмыстарының барысы, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасаудағы бастамалар мен атқарылған істер, сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтірудегі кейбір мәселелер талқыланды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі