Экономикалық дамудың мақсат-міндеттері айқындалды

Өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа инвестор тарту және сүйемелдеуде нақты бағыт белгіленген. Биыл 517 млрд. 500 млн. теңге инвестиция тарту межеленсе, көрсеткіш осы жылдың 7 айында 57,2 пайызға орындалды. Индикатордың орындалуы бойынша облыс республикадағы алдыңғы орында.Өнеркәсіптік әлеует туралы айтсақ, өңірдің мұнай-газ саласында мол мүмкіншілік бар. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі саласындағы жаңа жобаларды мерзімінде іске қосу тапсырылды. Аймақтағы электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешу үшін Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ, өңірде жылу желілерін жаңғырту, ыстық сумен қамту және өзге де маңызды жобалар қолға алынған.
Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен 23 шетелдік жоғары орнының бірі – Қорқыт Ата университетінің Кореяның СеулТех университетімен бірлесіп, университет базасында ашқан Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі. Мұнан бөлек, Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласын модернизациялау үшін кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды. Әлеуметтік- медициналық сақтандыру қорының облыстағы филиалы медициналық сақтандыру жүйесіне халықтың сұранысын ескеріп, қаржының бөлінуін қайта қарап, оның мақсатты жұмсалуына мониторингті күшейтуі қажет.
Облыстық денсаулық сақтау, экономика және қаржы басқармалары денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті зерделеп, жаңадан әзірленетін нормативтер мен ережелерге ұсыныс беруі тиіс.Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау шаралары нағыз мұқтаж азаматтарға көрсетілуі керектігін үнемі айтып келеді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, білім, басқармалары «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыру барысында салалық ақпараттық жүйелерді қалыптастыруды тиісті министрліктермен бірлесіп жүргізуге жауапты.
Экологиялық ахуалды жақсартуда елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы өтуде. Өңірде жыл соңына дейін ұйымдастырылатын облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінгі дейін оған 461 мыңнан астам адам қатысқан. Алдағы уақытта акцияға тұрғындарды жаппай жұмылдырып, мұны қалыпты әдетке, өмір салтына айналдыру керек.Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Бұл бағыттағы шаралар облыс әкімінің тікелей бақылауында болмақ.
Мұнан бөлек, Жолдауда қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігі атап айтылды. Құқық қорғау органдары Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, құқық бұзушылықтар мен жол қауіпсіздігі бағытындағы жұмыстарды жандандыруы тиіс.
Жиын соңында Нұрлыбек Машбекұлы Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді нақты іс-қимыл алгоритмі аясында айқындап, өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеу барысында ескеруді тапсырды.
Жоспардың сапалы әзірленуін және орындалуын қадағалау облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновке жүктелді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Облыс әкімдігі