ӨТКЕЛДЕ ӨТКЕН УАҚЫТ
Самара-Шымкент тас жолы бойындағы теміржол өткеліндегі кептелісті әлі ұмытпаған боларсыз. Өткелден өтудің осы бір машақаты бүгінде шешімін тауып, арнайы айналмалы көпір салынды. Қазір халық игілігін көруде. Көлік жүргізушілерінің уақыты үнемделіп, діттеген жеріне мерзімінде жетіп, риза болып жүр. Алайда соңғы уақытта №270 мектеп маңындағы жаңа теміржол өткеліндегі кептеліс тұрғындарды бұрынғыша машақатқа түсіруде. Ауданның екі жағын байланыстыратын теміржол бекетіндегі кептеліс түбегейлі шешілсе дейді тұрғындар. Себебі мұнда таңертең және кешкі уақытта ұзын-сонар кезек тұрады. Жұмыстан үйіне асыққан жұртшылық осында сағаттап аялдауға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, жұқарған жүйке, өткелде өткен уақыт. Сын сәтте санаулы секунд өмірмен тең десек, кейде мұнда жедел жәрдем, өрт сөндіру секілді кезек күттірмейтін қызмет көліктерінің өзі кезек күтіп тұрып қалады. Ауыр жүк пойыздары орнынан қозғалып, жылдамдығын арттырып жүрем дегенше 10 минуттай уақыт өтеді. Жасыратын несі бар, кезек 9 қабатты үйге дейін барады. Қала берді Бекежанов, Ақмая бағытынан келе жатқан көліктерге кептеліс туғызады. Көшенің тар болғанынан ба, сол сәтте 2-3 бағыттағы қозғалыс дереу тоқтап қалады. Есіңізде болса, теміржол бекеті алғаш ашылған кезде инфрақұрылым әлі дами қоймаған. Кейіннен нақ осы жерге №270 мектеп, №47 мектеп, Ақ Орда мөлтек ауданы жаңадан бой көтерді. Ескі есеппен қалып қойған ашылып-жабылу кестесі бүгінгі таңда маңыздылығын жойып отыр. Енді қазір жаңа құрылыстың қарқын алуы, халық санының өсуі, әлеуметтік маңызы бар нысанның бой көтеруі, жолдың кептелісті көтере алмайтыны аталған кестенің өзгеруін талап етеді. Ал егер бұл мәселенің шешілуі қиындық тудырар болса, «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының жатақханасы салынған тұстағы тесік көпірді ашатын жағдай жасаса. Себебі екі ортада тұрғын үйлердің іргесі қаланып жатыр. Яғни болашақта бұл маңда инфрақұрылым әлі де дамиды деген сөз. Тесік көпір ауыр жүк көліктеріне арналмаса да, мұнда жаяу жүргіншілерге және жеңіл автокөліктердің өтуіне мүмкіндік бар. Теміржол өткелінде кептеліс болып жатқан жағдайда, жеңіл көліктер әлгі тесік көпірмен өте береді. Бұл ұзын-сонар кептелісті тыюдың бір жолы. Тағы бір жолын қарастырып көрер болсақ, аспалы көпір мен Ақмаяға қарай бағытталған қиылыстан бастап, №270 мектептің тұсына дейінгі жолды мүмкіндігіне қарай 4 жолақты жол етіп салуға да болады. Бұл ұсыныс ескерілер болса, анау айтқандай кептеліс те азаяды. Бірден айтайық, бұл – ауқымды жоба. Қыруар қаржыны қажет етеді. Дегенмен, жоспарға сай жүйелі жұмыс атқарылса, енді бірер жылда жұртшылықтың «қылкөпірден» өткендей қылбыраудан құтылар күні алыс емес.
Сұлушаш МАДИЯРОВАСурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ