Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшпелілер ойындары: Теңге ілуден ел намысын кімдер қорғайды

Көшпелілер ойындары: Теңге ілуден ел намысын кімдер қорғайды

Көшпелілер ойындары: Теңге ілуден ел намысын кімдер қорғайдыТеңге ілуден ҚР ұлттық құрамасы, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ел намысын қорғайтын үш үздік спортшыны анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Іріктеу сайыстарының нәтижесінде 3 стиль бойынша 3 үздік спортшыны анықтадық. V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында сайыстың барлық түрінен алтын иеленеміз деген сенім бар. Ол үшін бар мүмкіндігімізді пайдаланамыз», - деді ҚР Ұлттық және ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев.
Еліміздің ең үздік 6 теңге ілушісі Көшпелілер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысқан.
Спортшыларымыз «Қос құлаш», «Бес белес», «Жеті құт» стилдері бойынша бақ сынады. Қорытындылай келе, 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ел намысын келесі спортшылар қорғайды:
  • «Бес белес» стилінен Бекнұр Серіков;
  • «Жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай;
  • «Қос құлаш» стилінен Рахат Қамбаров.
«Мен бала кезімнен атқа жақын өстім. Теңге ілу спортына келуіме де себеп болған жылқыға деген махаббатым. Бүгінде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындық жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Ел намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз», деді теңге ілуден ұлттық құрама мүшесі Бақыт Төлтай.
Айта кетейік, теңге ілуден V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Оқу-жаттығу жиындарын ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырды. Ал Көшпелілер ойындарында теңге ілу бойынша жарыстар 11-13 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.
Еске сала кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған.

13 тамыз 2024 ж. 151 0