Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүмкіндік есігі

Мүмкіндік есігі

Жастарға бағыт-бағдар беру, жұмыспен қамту – мемлекет алдындағы басты міндет. Сондықтан Үкімет жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар санын ұлғайтып, жұмыс берушілермен байланысты нығайтуға көшкен. Нәтижесінде облыс бойынша кейінгі 6 айда 21874 азамат жұмысқа орналастырылып, жылдық меже 47,1 пайызға орындалған. Жоспарлы көрсеткіштің орындалуы бойынша өңіріміз республика бойынша алғашқы үштікті түйіндеп тұр.
Жалпы жыл басынан бері облыста 50-ден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл қадам әлі де жалғасуда. Соның мысалы, кеше үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен қаладағы Б.Шөкенов атындағы саябақта «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы ұйымдастырылды. Мұнда жастарға мемлекеттік қолдау бағдарламалары кеңінен түсіндіріліп, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, білім гранттары секілді маңызды жобалар туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов қатысып, жастарға қолдау білдірді. Ал мемлекеттік және жекеменшік мекеме өкілдері жастарға арналған бос жұмыс орны туралы ақпарат берді.
Айта кетерлігі, жобаға «Мансап» орталығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Отбасы банк», облыстық «Жастар денсаулық орталығы» КММ мамандары атсалысып, жастарға қызметтік құзыретіне сай кеңес берді.
– Жастар күніне орай ел көлемінде түрлі шара қолға алынуда. Өңірде де арнайы онкүндік бекітілді. Бүгінгі «Мүмкіндіктер керуені» шарасы сол жүйелі жоспардың бір бөлігі десек болатындай. Басқармаға басқармалар, ҮЕҰ, ЖОО өкілдері үлес қосып жастарға жан-жақты қолдауын көрсетіп отыр. Мәселен, университет мамандары білім беру бағдарламалары туралы ақпарат берсе, кәсіпкерлер жұмысқа орналасуға мүмкіндік бермек. Жастарға баспана алу жолы, қаржылық сауатты арттыруға арналған жобалар да таныстырылды. Аталған шара Қызылорда қаласында ғана емес, барлық аудан орталықтарында жалғасын табады, — деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров.
Айта кетейік, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі аясында мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды насихаттау, жылжымалы медициналық бекет ұйымдастырылып, жастардың ұсыныс-пікірі жинақталды.
Ерсін ШАМШАДИН,
 «Сыр бойы»
10 тамыз 2024 ж. 81 0