Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Таяуда ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өрт қаупі жоғары кезеңдегі туындайтын мәселелер талқыланды.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты тұлғаларға өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.
«Қызылорда облысы аумағында мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі - 7 млн. гектар. Оның 3,8 млн. гектары - орманды алқаптар. Жыл басынан бері орман қоры жерінің 42,9 гектарында 10 өрт оқиғасы тіркелген. Осы жылғы 15 шілдедегі Үкімет қаулысымен орман мекемелері мен табиғат қорғау ұйымдарына "Кәсіпкерлікті дамыту қоры" арқылы өрт сөндіру техникаларын лизингпен алуға 20 млрд. теңге қаралған. Бұл мақсатқа бюджеттен тиісті қаржы бөлінуде. Алайда, орман өрті азаймаған. Көп жағдайда азаматтар өз қажеттілігін көздеп өрт қояды, малға қолайлы жайылымдық ашып, егістікті қоршауға қада дайындайды. Осындай деректерді ашу үшін өткен жылы 21, биыл 5 жағдай бойынша полиция органдарына материалдар жолданған. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін кінәлілер анықталған жоқ. 28 шілде күні Қазалы ауданы "Бозкөл", "Тасарық", "Қызылқұм" ауылдық округтеріне шекаралас "Тайкеткен" учаскесінде қураған қамыс жанған. Болған оқиға туралы мәліметті уақытылы жіберіңіздер. Бұл тапсырма қала және барлық аудан әкімдеріне қатысты», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақ басшысы синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы тамыз айында жоғары ауа температурасы сақталатынын, қалыпты құрғақшылық күтілетінін ескертіп, орман және дала өртінің алдын алуды тапсырды. Сондай-ақ, өрт қаупі жоғары кезеңде шалғайдағы елді мекендердегі өрт бекеттерінің жұмысын күшейту қажет.
Мәжіліс қорытындысымен Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттерін бейімделген ғимаратпен, қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру тапсырылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман қоры жерлеріне жаңа минералдық жолақтар жүргізуді, ескі жолақтарды қайта қалпына келтіруді ұйымдастыруы тиіс. Өрт қаупі жоғары кезеңде орман шаруашылығына қарасты өрт сөндіру жасақтары күшейтілген режимде жұмыс жасауы қажет. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті теміржол және автокөлік жолдарының бойына жаңа минералдық жолақтар жүргізуді, ескі жолақтарды қайта қалпына келтіруді бақылауға жауапты. Облыстық қоғамдық даму басқармасы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қураған шөпті, қоқысты өртеуде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін қолданыстағы жауапкершілік туралы БАҚ-та кеңінен түсіндіруді ұйымдастыруы керек. Ал, облыстық полиция департаменті орман және алқаптарда болған өртке кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін тиісті шараларды қолға алмақ.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
31 шілде 2024 ж. 140 0