Медиация – татуласу теңдігі
Біздің еліміздегі барлық заңдар Ата заңымыз-Конституциядан бастау алады.Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген.
Конституциямен баянды етілген адамның құқықтары мен бостандықтарын толық қамтамасыз үшін еліміздің заңнамалары үнемі жетілдіріліп келеді. Соның ішінде азаматтық даулар бойынша, қылмыстық істер бойынша жылдам, тиімді, әділ шешімге азаматтардың қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін дауы шешудің әртүрлі баламалы жолдары сот саласында да үнемі жетілдіріліп келеді. Бұның дәлелі алқа билер, аралық сот, жеке сот орындаушылар институттарының пайда болуы. Осындай оң өзгерістердің бірі 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылады.
Аталмыш Заң 2011 жылғы 5 тамызда қолданысқа енгізіліп, соның негізінде елімізде кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жұмыс істейді. Медиацияның мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету және дауды шешудің баламалы әдістерін, ашықтығын, қолжетімділігін, азаматтардың дау бойынша жүгінетін органды өз еркімен таңдау еркіндігін қамтамасыз ету. Сонымен бірге, 2020 жылдың 10 маусымында «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, 22 маусымынан бастап қолданысқа енді. Заңнамада татуластыру үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылған, соған сәйкес енді талап арызды қабылдау барысында он жұмыс күн ішінде бітістіруші-судья тараптарды татуластыруға ықпал жасайды. Жалпы Медиация деген не? деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Медиация дегеніміз – бұл латын тілінен аударғанда «medire»-делдалдық ету дегендігі білдіреді, яғни тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі болып саналады.
Жалпы, медиация өз бастауын көне заманнан алады. Оның ішінде өзіміздің тарихымызға көз салатын болсақ бүгінгі таңдағы медиаторлардың атқарып отырған жұмыстарын дауларды шешу, екі жақтың мүддесін қанағаттандыру және т.б. жұмыстарын сол кездегі билер алқасы жүзеге асырған. Бүгінгі күні медиация жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарға қолданылуда. Статистикалық мәліметтерге сай, ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аудандық сотта 190 азаматтық іс тараптардың медиация арқылы келісімге келулеріне байланысты тоқтатылған. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.
Шиелі аудандық соты
әкімшісінің басшысы,
С.Б.Сержанов