ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ БОЙЫНША ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА
Таяуда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ел азаматтарын тұрақты жұмыспен қамту шаралары талқыланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қызылорда облысы халықты тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша республикада үздік үштікке енгенін атап өтті.
«Жыл басынан бері елімізде 288 мыңнан азамат жұмыспен қамтылды. Оның 16 мыңға жуығы ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында ашылған жұмыс орындарына жолдануда. Бұл ретте, «Өңірлік жұмыспен қамту карталарында» жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізген Абай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарын атап өткен жөн», – деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, аталған көрсеткішті Абай облысы 53%, Солтүстік Қазақстан облысы 47%, Қызылорда және Жамбыл облыстары 45%-ға орындады.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір үздіктер қатарында аталғанымен, жұмыс қарқынын төмендетпеу қажеттігін ескертті.
«Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы Қызылорда облысында халықты жұмысқа орналастыру бойынша жылдық көрсеткіш 45 пайызды құрағанын, республикада үздік үштікке енгенімізді ерекше атап өтті. Мұнымен тоқтап қалмай, жоспарды жыл соңына дейін артығымен орындауымыз қажет. Халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуы – әкімдердің жұмысына нақты баға беретін басты көрсеткіш. Қала және аудан әкімдері бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың уақытша емес, тұрақты жұмыспен қамтылуын қадағалаңыздар. Қазіргі таңда өңірімізде «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» қабылданып, іске асырылуда. Осы орайда 21 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылып, жылдық меже 45 пайыз болды. Өңірлік картадағы көрсеткіштер белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша, ұлттық жобалар мен концепциялар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері қаралды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына өңірлік картадағы жоспарды 100 пайыз орындау, жұмыссыздық деңгейін тұрақты бақылауда ұстау, субсидияланған жұмыс орындары мен өз кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алғандарға мониторингті күшейту тапсырылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі