Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың баяндауынша, «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасын орындауда Қызылорда облысы республикада бірінші орынға шыққан. Еңбеккерлердің міндетті зейнетақы жарнасының аударылуына, электронды еңбек келісім-шарты болуына қатысты талап 100 пайыз орындалған. Сонымен бірге аймақтың ұлттық жобаларды іске асыру көрсеткіштері республикалық орташа көрсеткіштерден жоғары.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, даму қарқынын тоқтатпауды ескертті.
– Көрсеткіштеріміз жаман емес, дегенмен бұл жетістікпен тоқтап қалмай, жоспарды жыл соңына дейін 100 пайыз орындауымыз керек. Жаңа көргендеріңіздей, 9 айдың қорытындысымен Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде биылға жоспарланған 43 898 жұмыс орнының 84,2 пайызы немесе 36 967 жұмыс орны ашылған. Өңірлік картаның бір компоненті болып саналатын ұлттық жобалар шеңберінде 2930 жұмыс орны құрылған. Алайда кейбір бағдарлама әкімшілерінің жылдық жоспарды орындамау қаупі бар, – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы Үкімет айқындаған халықты жұмыспен қамту жөніндегі міндеттемені 100 пайыз орындау керектігін атап өтті. Ол үшін барлық бағдарлама әкімшілері, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері жұмысқа орналастырылған азаматтардың зейнетақы аударымдары мен электронды еңбек келісім-шарттарының түгел болуын қадағалап, мердігер мекемелермен, жұмыс берушілермен тиісті жұмыстар жүргізуі қажет. Мұнан бөлек, келер жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту жол картасын бекіту үшін нақты жұмыс орны ашылатын және жүзеге асырылатын жобаларды пысықтап, тізімін 15 желтоқсанға дейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ұсыну тапсырылды. Зейнет жасынан асқан қызметкерлердің орнына жұмыссыз жастарды тұрақты жұмысқа алу бойынша шаралар қабылдау керектігі де айтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге келсек, жыл өткен сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы күрделенуде. Бұл қоғамдағы өзекті мәселеге айналғандықтан, жүйелі әрекет ету шараларын қабылдау қажет. Көп жағдайда әйелдер зардап шегеді. Сондықтан оларды қолдау шаралары ұдайы жүргізілуі тиіс. Бұл ретте, әрине, учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру қажеттігі туындайды.
Елімізде соңғы екі жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300 адам көз жұмған. Ал өңірде 9 айдың қорытындысымен отбасылық-тұрмыстық сипатта жасалған қылмыстар өсім алған.
Осы орайда қалада жақында ашылған «Анаға тағзым», «Отбасы орталығында» қиын жағдайға тап болған аналарға, қыз-келіншектерге психологиялық көмек көрсетіп, оларға бағыт-бағдар берілетіні атап өтілді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қала, аудан әкімдіктері, қоғамдық даму басқармасымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге, дағдарыс орталығына келушілерге қажетті көмек ұйымдастырып, мониторингті тұрақты жүргізу жөнінде тапсырма берілді.
Айнұр БАТТАЛОВА