МИНИСТР АУДАН МЕДИЦИНАСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Әлеуметтік саладағы ең маңызды бағыттың бірі – денсаулық сақтау қызметі екені анық. Асқан жауапкершілікті талап ететін бұл саланы жетілдіруді мақсат тұтқан еліміз медицина ісіне аса мән беріп келеді. Нәтижесінде, аталған бағытта түрлі өзгерістер орын алып, ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Бүгінде бұл бағытта қол жеткізген жетістіктер аз емес. Жыл сайын өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының саны артуда. Бұл аудан тұрғындарының қажетті медициналық көмекпен қамтылуына мұрындық болып отыр.
Түнеукүні ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Шиелі ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің медициналық жағдайымен танысты. Сапар барысында ауданаралық аурухананың жай-күйіне қанығып, жауапты сала мамандарымен, дәрігерлермен пікірлесті. Сондай-ақ аудан медицинасына қажетті құралдар сатып алу жоспарымен танысып, тұрғындар денсаулығының жақсара түсуіне министрлік тарапынан барлық жағдай жасалатынын жеткізді.
– Жалпы соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына қатысты халықтан келіп түсетін арыз-шағымдар еселеп артқан. Сол себепті осы арыз-шағымдарға тиісті сараптама жасалып, себептері анықталды. Нәтижесінде, халықтан келетін арыз-шағымның басым көпшілігі – емханалардың қызметіне қатысты болып отыр. Бұдан бөлек, жолдама алудағы қиындықтар, медициналық көмекпен қамтылудағы тексерістердің ұзақтығы тағы бар. Аталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге жұмыс атқарудамыз. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласындағы бірқатар заңдарға өзгеріс енгізу басталып кетті, – деді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, бүгінде медицина саласында көрсетілетін қызметтер мен МӘМС жүйесін жүйелендіру аясы жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты министрлік облыстардағы медицина саласының әлеуетін арттыруды және Ұлттық бағдарламалардың тиімділігін жүзеге асыруды оңтайландыруда.
Сонымен қатар аталған саладағы ең өзекті мәселенің бірі – мамандар жетіспеушілігі. А.Әлназарова бүгінгі таңда Қызылорда облысының өзінде 150-ден астам дәрігер маман жетіспейтінін атап өтті. Осыған сәйкес, медициналық оқу орындарының ректорларымен бірлесіп, облыс әкімдігі және облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қолдауы арқасында білім алып жатқан студенттер өңірлерге келіп жұмыс істеуге мол мүмкіндік алуда.
Іс-сапар барысында Денсаулық сақтау министрі Талаптан ауылдық округіне бағыт алып, жаңадан бой көтерген дәрігерлік амбулаторияның жұмыс барысымен танысып, тұрғындармен тілдесті. Мұнда ол аталған салада қордаланған мәселелерді атап өтіп, оларды шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Президенттің, Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймақта нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 52,1 млрд теңге қаралып, 23 медициналық нысан салынды. Оның 17-нің құрылысы аяқталды. Биыл бюджеттен 5,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 5 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 2-і пайдалануға берілді.
Өңірдегі денсаулық сақтау саласының бүгінгі бюджеті 130 млрд теңгеден асқан. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында біздің ауданда да бірнеше дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қарқын алып, бүгінде ел игілігіне пайдалануға берілді. Алдағы уақытта ауданның 5 елді мекенінде осындай медициналық ғимараттардың құрылысы басталады. Сонымен қатар кенттегі ауданаралық, көпбейінді ауруханалар жанындағы қосымша нысанның құрылысы жүргізілмек.
Ауданда бой көтерген дәрігерлік амбулаториялар заманға сай жабдықталып, жаңа үлгіде халыққа қалтқысыз қызмет етіп жатыр. Қазіргі таңда кең әрі жаңа ауруханада шиеліліктер де сапалы медициналық көмек алуда. Бұл тұрғындардың көптен бері көкейінде жүрген мәселенің шешімін табуына сеп болды. Бас дәрігердің былтырғы мәліметіне сүйенсек, ауданда барлығы 1 121 медицина қызметкері жұмыс атқарады. Халыққа 203 дәрігер, 918 орта буынды қызметкер, 15 психолог пен 36 әлеуметтік қызметкер көмек көрсетуде.
– Адамның басты байлығы – денсаулығы болғандықтан, елімізде, аймақта бұл саланың негізгі көрсеткіштерін, яғни ұлт саулығын жақсартудың барлық мүмкіндігі қарастырылуда. Медицина мамандарының біліктілігін арттыру, ауруханаларды заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыру назардан тыс қалмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тұрақты дамуы үшін азаматтардың денсаулығы мықты болуы керек екенін үнемі айтып келеді. Медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін кешенді шаралар қабылдануда, – деген болатын.
Кең көлемде атқарылып жатқан осынау жұмыстар өңірдің ілгерілеуіне жағдай жасап, тұрғындардың талапқа сай медициналық көмек алу мүмкіндігін молайтып отыр. Денсаулық сақтау саласы үшін халыққа сапалы қызмет көрсету – басты міндет. Бұл тұрғыда жұмыстардың тиімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету аса маңызды. Себебі медицинасы дамыған елдің болашағы да жарқын болары анық.
Таслима ӘЛІШЕР