ЗОБАЛАҢ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-күргін миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салған азалы жылдардың біріне айналғаны рас. Солақай саясаттың салдарынан қасіретті кезеңнің ызғары шарпымаған әулет жоқ. Ұлттың түбегейлі жойылып кету мәселесі де ел жүрегін үрейге толтырған еді. Бүгінде осынау жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерін өкінішпен еске аламыз, кеңестік тоталитаризмнің зұлым зобалаңынан зардап шеккен қандастарымыздың рухына құрметпен тағзым етеміз.
Күллі қоғам үшін қасіретті әрі қасиетті дата – 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында бейсенбі күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Зобалаң жылдар жаңғырығы» атты танымдық кеш өтті. Шиелі индустриалдыаграрлық колледжінде жүргізілген шарапаты мол шараға аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Тілеубек Бабасов, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев және колледж қызметкерлері мен студенттері қонақ болды.
Жиналғандар, әуелі, елдікті аңсап, мерт болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Рухани кештің алғы сөзін Тілеубек Бабасов алып, жиырмасыншы ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген қаралы кезеңді еске алып, ата-бабаларымыз еңсерген ескі күндерді ұмытпауға, ұлықтауға шақырды.
– Еліміздің бүгінгі егемендігі – азалы жылдардан жеткен аманат. Өскелең ұрпақ талай жанның қанымен, маңдай терімен келген тыныштықтың маңызын сезінуге, ұмытпауға тиіс. Сол мамыражайлықты сақтап қалуға жағдай жасап, Отанымызға жанашырлық таныту – баршамыздың алдымызда тұрған міндетіміз, – деді ол.
Бұдан кейін мәдениет саласының ардагері Исабек Байкенжеев ұлт тарихының арғы жағында қаншама оқиға жатқанын, көп қырғыннан қысым көрген халықтың қол жеткізген тәуелсіздігінің бағасы биік екенін атап өтті.
Жиын барысында колледж педагогы Гүлмира Жүнісбекова «Тарихымыздың қасіретті кезеңі» атты баяндама оқыса, Талғат Күзембаев, Мейрамбек Ибрагимов, Мақсат Сырғабайұлы жасанды зауал кесірін тигізген жылдар тақырыбындағы жүректен шыққан өрнекті өлеңдерін арнады. Танымдық кеш Сафуан Көрегеновтің әуезді әнімен қорытындыланды. Көрермен белгілі уақыт аралығында аса қатал саяси қуғын-сүргін мен қолдан жасалған ашаршылықтың құрбаны болған арыстарды еске алып, жұрт басындағы бүгінгі тыныштық пен баяндылық – елдігіміздің алтын тұғыры екенін ұғынғандай болды.
Таслима ӘЛІШЕР