Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңда өзгеріс бар

Заңда өзгеріс бар

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 6 сәуірдегі № 71-VIII ҚРЗ Заңына сәйкес "Мемлекеттік статистика туралы" ҚР Заңының жаңа редакцияда жазылған 12-1 және 12-2-баптары
/2024 жылғы 8 маусымнан бастап күшіне енеді/

12-1-бап. Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау осы бапқа сәйкес қашықтан бақылау, мерзімдік және жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылады.
2. Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау:
1) әкімшілік деректердің анық еместігін;
2) әкімшілік деректердің ұсынылмағанын;
3) әкімшілік деректерді жинауға арналған, келісілмеген нысандарды;
4) көрсеткіштерді есептеудің келісілмеген әдістемелерін;
5) деректер сапасының деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес келмеуін анықтау мақсатында жүргізіледі.
3. Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылауды:
1) орталық мемлекеттік органдар, олардың ведомстволары, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бойынша – уәкілетті органның ведомствосы;
2) жергілікті мемлекеттік органдар, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері бойынша – уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
4. Қашықтан бақылау уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелері ресми дереккөздерден алған әкімшілік деректерді мониторингтеу, талдау, сапасын бағалау және салыстыру арқылы әкімшілік дереккөзге бармай тұрақты негізде жүргізіледі.
5. Әкімшілік дереккөздің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған кезде қашықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды ресімделеді және бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жіберіледі, онда мыналар көрсетіледі:
1) қорытындының жасалған күні, нөмірі мен орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) қашықтан бақылау жүргізуге уәкілеттік берілген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), лауазымы;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың қашықтан бақылау жүргізуге тартылған мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
5) әкімшілік дереккөздің атауы, оның тұрған жері;
6) тексерілетін кезең;
7) анықталған бұзушылықтар және орындау мерзімі көрсетіле отырып, оларды жою туралы талаптар;
8) қашықтан бақылау жүргізген лауазымды адамның қолтаңбасы.
Қашықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды ол электрондық құжат айналымы бойынша немесе ресми дереккөздерден (әкімшілік дереккөздің интернет-ресурсы) алынған электрондық мекенжай бойынша не алынғанын тіркеп-белгілеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберілген жағдайларда тиісінше жеткізілді деп есептеледі.
6. Әкімшілік дереккөз қашықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытындыны оны алған күннен кейінгі күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшесіне бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды міндетті түрде ұсына отырып орындайды.
7. Осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген қашықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды белгіленген мерзімде орындалмаған кезде Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік іс жүргізу қозғалады.
Осы баптың 2-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген қашықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытындыны белгіленген мерзімде орындамау, сондай-ақ осы бапқа сәйкес жүргізілген алдыңғы тексерулердің теріс нәтижелері әкімшілік дереккөзді мерзімдік тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарына енгізуге негіз болып табылады.
8. Мерзімдік тексеру уәкілетті орган ведомствосының бірінші басшысы тексеру жылының алдындағы жылдың 10 желтоқсанынан кешіктірмей және ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 маусымына дейін бекітетін және тексеру жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей және ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 маусымына дейін оның интернет-ресурсында орналастырылатын мерзімдік тексеру жүргізудің жартыжылдық жоспарлары негізінде әкімшілік дереккөзге бару арқылы жүргізіледі.
Мерзімдік тексеруді жүргізудің жартыжылдық жоспарларында мыналар қамтылады:
1) жоспардың бекітілген күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) әкімшілік дереккөздің атауы;
4) әкімшілік дереккөздің тұрған жері;
5) тексерудің нысанасы;
6) тексеру жүргізу мерзімдері;
7) жартыжылдық жоспарға қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы.
Мерзімдік тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу әкімшілік дереккөз таратылған, қайта ұйымдастырылған, атауы өзгерген, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер және аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың таралуы, уланулар, сондай-ақ радиациялық авариялар және олармен байланысты шектеулер туындаған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда жүзеге асырылады.
Мерзімдік тексерулер жүргізудің өзгертілген жартыжылдық жоспарлары өзгерістер туралы белгі қойыла отырып, уәкілетті орган ведомствосының интернет-ресурсында орналастырылады.
9. Жоспардан тыс тексеру:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасын бұзудың нақты фактілері бойынша прокурордың талаптары, құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан келіп түскен материалдар;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасын бұзудың нақты фактілері бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың хабарлары немесе өтініштері;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасын бұзудың нақты фактілері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар;
4) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмалары негізінде әкімшілік дереккөзге бару арқылы жүргізіледі.
Анонимдік жолданымдар болған жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.
10. Уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелері әкімшілік дереккөзді мерзімдік тексеру жүргізудің басталатыны туралы ол басталғанға дейін кемінде үш тәулік бұрын, жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы ол басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, электрондық құжат айналымы немесе ресми дереккөздерден (әкімшілік дереккөздің интернет-ресурсы) алынған электрондық мекенжай бойынша не алынғанын тіркеп-белгілеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып хабардар етуге міндетті.
11. Уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелерінің әкімшілік дереккөзге тексеруге келген лауазымды адамдары тексеруді тағайындау туралы актіні, қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.
12. Әкімшілік дереккөзге тексерудің тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеру мерзімінің басталуы деп есептеледі, онда мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
5) әкімшілік дереккөздің атауы, оның тұрған жері;
6) тағайындалған тексерудің нысанасы;
7) тексерудің түрі;
8) тексеру жүргізу мерзімі;
9) тексеру жүргізу негіздері;
10) тексерілетін кезең;
11) осы бапта көзделген әкімшілік дереккөздің құқықтары мен міндеттері;
12) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы;
13) әкімшілік дереккөз басшысының немесе басшының міндетін атқарушы адамның актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.
Тексерулерді тағайындау, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату және ұзарту туралы актілерге уәкілетті орган ведомствосының басшылығы немесе уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің бірінші басшысы қол қояды және танысу үшін әкімшілік дереккөздің басшысына немесе басшының міндетін атқарушы адамға табыс етіледі.
13. Тексеру мерзімінің өту барысы табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың қолданылуы, төтенше жағдай режимінің енгізілуі, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың таралуының, уланулардың, сондай-ақ радиациялық авариялардың және оларға байланысты шектеулердің туындауының немесе олардың туындау қатерінің мерзіміне, сондай-ақ тексерулер жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік іс жүргізулер мен рәсімдер жүзеге асырылған жағдайларда тоқтатыла тұрады.
Тексеру мерзімінің өту барысы табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың қолданылуы, төтенше жағдай режимінің енгізілуі, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың таралуының, уланулардың, сондай-ақ радиациялық авариялардың және оларға байланысты шектеулердің туындауы немесе олардың туындау қатері тоқтатылған, сондай-ақ тексерулер жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік іс жүргізулер мен рәсімдер тоқтатылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қайта басталады.
Тексеру мерзімінің өту барысы әкімшілік дереккөз таратылған жағдайларда тоқтатылады.
Тексеру жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартыла отырып, отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс. Тексерулер жүргізу мерзімі тек бір рет ұзартылуы мүмкін.
Тексерулерді жүргізу мерзімдерін ұзарту әкімшілік дереккөзді хабардар ете отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі. Уәкілетті орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамы тексеру мерзімін ұзарту туралы хабарламаны әкімшілік дереккөзге табыс етілгені туралы хабарламамен ұзартуға дейін бір жұмыс күні бұрын табыс етеді.
14. Тексерулердің нәтижелері бойынша уәкілетті орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамы тексеру нәтижелері туралы қорытынды жасайды, онда мыналар көрсетіледі:
1) қорытындының жасалған күні, нөмірі мен орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің (болған жағдайда мерзімді ұзарту туралы қосымша актінің) күні мен нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер олар жеке басты куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) және лауазымдары;
5) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізуге тартылған мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
6) әкімшілік дереккөздің атауы, оның тұрған жері;
7) тексерудің түрі;
8) тексеру жүргізу мерзімі мен кезеңі;
9) тексерудің нысанасы;
10) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мәліметтер;
11) талаптарды орындау мерзімі көрсетіле отырып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар;
12) тексеру жүргізген лауазымды адамдардың қолтаңбалары;
13) әкімшілік дереккөз басшысының немесе басшының міндетін атқарушы адамның, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың қорытындымен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тарту туралы жазба.
Тексеру нәтижелері туралы қорытындының бірінші данасы электрондық нысанда өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға тапсырылады, екінші данасы танысу үшін қағаз жеткізгіште қол қойғызып, әкімшілік дереккөз басшысына немесе басшының міндетін атқарушы адамға табыс етіледі, үшінші данасы уәкілетті органның ведомствосында немесе оның аумақтық бөлімшесінде қалады.
15. Әкімшілік дереккөзге тексеру нәтижелері туралы қорытынды табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
16. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды әкімшілік дереккөз қорытынды жасаған уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшесіне бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды міндетті түрде ұсына отырып, тексеру аяқталған күннен кейінгі күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жояды.
Тексеру жүргізу кезінде бұзушылықтар болмаған жағдайда тексеру нәтижелері туралы қорытындыда тиісті жазба жүргізіледі.
17. Тексеру немесе қашықтан бақылау нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда әкімшілік дереккөз оларды жазбаша түрде жазады және тексеру аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қорытынды жасаған уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшесіне электрондық құжат айналымы арқылы жібереді.
Уәкілетті органның ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшесі әкімшілік дереккөздің қорытындыға ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын олар келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды және уәжді жауап береді.
18. Қашықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытындыда, сондай-ақ тексеру нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар әкімшілік дереккөздің орындауы үшін міндетті болып табылады.
19. Тексеру нәтижелері туралы қорытынды орындалмаған кезде Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік іс жүргізу қозғалады.
20. Уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:
1) рұқсаттамалық және объектішілік режимнің белгіленген талаптарын сақтай отырып, әкімшілік дереккөздің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) тексеру нәтижелеріне қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін алуға және қажет болған кезде оларды қашықтан бақылау жүргізуде пайдалануға;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтай отырып, тексерудің нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті алуға;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға;
5) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
6) осы бапта көзделген әкімшілік дереккөздің міндеттемелерін орындаудан бас тарту фактілерін бейнетүсірілімге тіркеп-белгілеуге құқығы бар.
21. Уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, әкімшілік дереккөздердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) осы бапта белгіленген тәртіп негізінде және оған қатаң сәйкестікте қашықтан бақылау мен тексерулер жүргізуге;
3) тексерулер жүргізу кезеңінде әкімшілік дереккөздің белгіленген жұмыс режиміне кедергі жасамауға;
4) тексерулер жүргізу кезінде әкімшілік дереккөз басшысының немесе басшысы міндетін атқарушы адамның қатысуына кедергі жасамауға, тексерулер нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсіндірмелер беруге;
5) әкімшілік дереккөзге тексерудің нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;
6) әкімшілік дереккөзге тексеру нәтижелері туралы қорытындыны немесе қашықтан бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытындыны табыс етуге;
7) қашықтан бақылау және тексеру жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға міндетті.
22. Әкімшілік дереккөздер өздеріне қатысты мемлекеттік бақылау жүргізілген кезде:
1) егер құжаттар мен мәліметтер жүргізілетін қашықтан бақылау және тексерудің нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
2) қашықтан бақылау және тексерулер нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша қосымша уақытша және (немесе) қаржылық шығындар қажет болған жағдайда бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы негізделген өтінішпен бес жұмыс күнінен кешіктірмей, уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшесіне жүгінуге;
3) қашықтан бақылау және тексеру нәтижелеріне, сондай-ақ уәкілетті орган ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшесі лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) тексерулердің жүзеге асырылу процесін, сондай-ақ лауазымды адамның тексерулер шеңберінде жүргізіп жатқан жекелеген әрекеттерін аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен оның қызметіне кедергі жасамай тіркеп-белгілеуге құқылы.
23. Әкімшілік дереккөздер өздеріне қатысты мемлекеттік бақылау жүргізілген кезде:
1) уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелері лауазымды адамдарының әкімшілік дереккөздің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) тексеру нәтижелері туралы қорытындыға қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін уәкілетті орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарына ұсынуға;
3) қорғау не Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, тексерудің нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті беруге;
4) тексеруді тағайындау туралы актіге, тексеру нәтижелері туралы қорытындыға белгі жасауға;
5) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тексерулер жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
6) тексеру жүргізудің басталуы туралы хабарламада көрсетілген тағайындалған тексеру мерзімдерінде әкімшілік дереккөз тұрған жерде болуға міндетті.

12-2-бап. Респонденттерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Тиісті мемлекеттік статистика органдары осы Заңға сәйкес респонденттерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылауды респонденттерге бармай жүзеге асырады.
2. Респонденттерге бармай мемлекеттік бақылау респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсыну графигінде көрсетілген мерзімдерде ұсынбауын, сондай-ақ олардың анық емес бастапқы статистикалық деректерді ұсынуын анықтау түрінде жүзеге асырылады.
3. Респондентке бармай мемлекеттік бақылау:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес респонденттер ұсынатын статистикалық нысандарды;
2) бастапқы статистикалық деректердің анықтығын растау үшін ресми статистикалық ақпаратты түзу кезінде өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің сұрау салуы бойынша алынған ақпаратты талдау арқылы статистикалық нысанда белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
4. Респонденттердің анық емес бастапқы статистикалық деректерді ұсынғаны анықталған кезде, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, мемлекеттік статистика органдары статистикалық нысанды қайта ұсыну не ұсынылған бастапқы статистикалық деректердің анықтығын растайтын қосымша ақпаратты бір жұмыс күні ішінде беру арқылы бастапқы статистикалық деректерді қамтитын статистикалық нысандарға түзетулер енгізу қажеттілігі туралы бұрын ұсынылған статистикалық нысандарда көрсетілген байланыс деректері (ұялы байланыстың абоненттік нөмірі, электрондық мекенжай) бойынша респондентке хабарлайды.
Респонденттердің анық емес бастапқы статистикалық деректерді ұсынғанын көрсететін жеткілікті негіз болған кезде мемлекеттік статистика органдары Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғайды.
5. Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсыну графигінде көрсетілген мерзімдерде ұсынбағаны анықталған кезде мемлекеттік статистика органдары әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғайды және респондент бұрын ұсынылған статистикалық нысандарда көрсеткен байланыс деректері бойынша немесе ресми дереккөздерден алынған байланыс деректеріне (ұялы байланыстың абоненттік нөмірі, электрондық мекенжай) хабар жіберу жолымен респонденттен бастапқы статистикалық деректер бар тиісті статистикалық нысандарды ұсынуды талап етеді.
28 мамыр 2024 ж. 179 0