Құлсарылық 250 тұрғын мүлік залалын бағалау нәтижелерімен танысты
Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тұрғын үй және мүлікті бағалау нәтижелерімен таныстыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отыр. Мобильді топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп отыр. Қала бойынша су басқан тұрғын үй иелерінен түскен 250 өтінім қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі штабына сілтеме жасап.
Үйді аралау барлық бағалау жұмыстары толық аяқталғанға дейін күн сайын демалыссыз жалғасатын болады.
Сонымен қатар су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындармен ақшалай өтемақы төлеу бойынша келісімдер жасасу бойынша жұмыстар жергілікті Мәдениет үйінде жүргізіліп жатыр.
Тұрғындардың бірі Тойған Қарабаева бағалау нәтижесінде көрсетілген ақшалай өтемақы сомасын алуға келісіп отыр. Оның үйі 5 сәуірде су тасқыны кезінде құлап қалған еді.
«Құлсарыдағы шағын аудандарының бірінде пәтер жалдап жүрмін. Сондықтан, тезірек баспана сатып алуым керек. Ақшалай өтемақы алғаннан кейін жаңадан үй саламын немесе жаңа үй сатып алуым да мүмкін. Маған өтемақы беріп отырған мемлекетке алғыс айтамын», деді зардап шегуші.
Зардап шеккендердің қатарында Құлсары қаласының Атырау шағын ауданының тұрғыны Лаура Сандыбаева да бар. Оның үйі 5 сәуірде су астында қалған еді. Кейін ауласы құрғатылып, үй мамандардың бағалауынан өтті.
«Маған екі бағалау комиссиясы келді. Олардың жұмысының нәтижелерін және су басқан тұрғын үйімнің залалын жариялауды күтіп жүрмін. Егер ұсынылған сома қажетімді өтейтін деңгейде болса, ақшалай өтемақы алуға келісім беремін», дейді ол.
Бағалау нәтижелерімен танысқаннан кейін екі күн өткен соң, Құлсары тұрғындары мемлекеттен көмек алу үшін Жылыой ауданының әкімдігіне жүгіне алады. Келісім шеңберінде тұрғындар зардап шеккен тұрғын үй үшін өтемақы опцияларын таңдай алады.
Фото: Видеоскрин. ТЖ жөніндегі жедел штаб