Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН – АДАЛ АДАМ

ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН – АДАЛ АДАМ

Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір қазақстандық «Адал азамат» деген атқа лайық болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы жауапкершілік, әділеттілік принциптері туралы жиі айтады. Расында салғырттық жайлаған елде даму, өсу болмайды. Адамның бойындағы әдет-дағдылар бала кезден қалыптасқандықтан, жауапкершілікті сезінуді балаға ерте жастан үйреткеніміз абзал. Мемлекетіміз жас ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән берді. Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында:
– Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алуда. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз, – деп мәселе көтерген болатын.
Осы орайда Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында көш керуені Ақмая ауылына табан тіреді.
Ең алдымен қонақтар Ақмая ауылдық клуб үйінің ауласына тал отырғызу рәсіміне қатысты. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көрмемен танысып және «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығының тұжырымдамасына сәйкес, «Әлем Book» жобасы бойынша «Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы» атты кітап көрмесін тамашалап, Ә.Тәжібаевтың шығармаларын талқылады. Содан кейін арнайы құрылған топ мүшелері «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында ауыл тұрғындары және мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.
Аталған жиында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің директорының орынбасары, ақпараттық түсіндіру тобының жетекшісі Дәулет Кәрібайұлы, бөлім басшысы Мұхтар Айшықұлы, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Сәрсенбайұлы, Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы адал ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығына тоқтала келе, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алатынын сөз етті. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.
Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуы және қазіргі жастардың телефонға телмірмей кітап оқуды әдетке айналдыру керек екенін айтып өтті.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Мұхтар Айшықұлы:
– «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» демекші, өрлеудің жаңа деңгейіне көтерілу үшін біз бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етуіміз керек. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір , мақсатымыз – жалғыз. Ендеше, әрдайым бірлікте болып, әділетті Қазақстанды бірге құрайық, – деді.
Кездесу соңында жиынға қатысушылар сұрақтарын қойып, №49 қазақ орта мектебінің 8-11 сынып оқушылары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, құқықтану кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Қуаныш Жақсылықұлына мамандық таңдауға байланысты сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.
Ақмая ауылына арнайы ат басын бұрып келген топ мүшелеріне ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағамбетов алғысын айтып, дәстүрге сай батасын беріп, шығарып салды.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
23 сәуір 2024 ж. 130 0