«КИЕЛІ МЕКЕН»: ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ
Республика бойынша Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқын алуда. Бес аптаға жоспарланған тазалық науқанының әр бөлігінің өзіне тән атауы мен мақсаты бар. Аталған акцияның «Киелі мекен» тақырыбындағы екінші аптасы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналған болатын. Осы орайда аудан тұрғындары да көктем шуағындағы сенбілік жұмыстарына үн қосты.
Тазалық шарасы Шиелі ауданына қарасты «Оқшы ата» мазаратында жалғасын тапты. Ежелгі өркениеттің белгісі іспетті, бүгінде сыры кетсе де, сыны кетпеген оғыз-қыпшақ дәуірінің жәдігеріне айналған тарихи орынды абаттандыру жұмыстарына барлық кент және ауылдық округтерден жиналған 270 адам, 11 техника жұмылдырылды.
Расында, еңбек атмосферасы адамдарды біріктіре түседі. Тұрғындар, әуелі, бір қорымда жерленген арыстардың рухына Құран бағыштап, кесене айналасын тазартып, аумақты қоқыстардан арылтып, арық қазып, су жүргізіп, жерге жас көшеттер отырғызды. Әйгілі жеті әулиенің, есімі дүйім жұртқа белгілі ділмар датқалардың ордасына айналған қасиетті орын табиғат перзенттерінің жұмыла атсалысуымен көркейе түсті.
– Қазіргі таңда республика көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, соның ішінде аудандық мешіттерді және қасиетті орындарды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгін әйгілі жеті әулие жерленген осындай киелі орынды тазалау мақсатында барлық ауылдан адамдар жиналып, іске кірісті. Бұндай тазалық жұмыстары, бір жағынан, тұрғындар арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақты көрсетсе, екінші жағынан, сондай ауызбіршілік бар кезде үлкен жетістіктерге жететінімізді дәлелдеп отыр. Сондықтан Алла осындай игі қасиеттерімізден айырмасын.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Тазалық – иманның жартысы» деген болатын. Әрі таза жерге періштелер де үйір болады. Аталған шараны ұйымдастырып жатқан аудан әкімдігіне және оған атсалысып жатқан барша бауырларымызға Алланың нұры жаусын. Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық беріп, таза ел, таза мемлекетте өмір сүруді нәсіп етсін, – дейді Шиелі ауданының бас имамы Бақыт Ұлжаев.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, аудан ардагерлері де жерге көшеттер отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына үлестерін қосты. Еккен жасыл желектер алдағы бірнеше жылда кесене аумағын тоғайға айналдырады деген сенімде.
Табиғат-Анаға жанашырлық танытып, туған мекенді таза ұстау – үлкен мәдениет пен талғамның белгісі. Экологиялық акция – жауапкершілік танытқан барлық топтарды жұмылдырып, көктемгі жаңарудың нышанына айналған тазалық жұмыстарының асқан маңыздылығын көрсетіп отыр. Асылында, адамзат табиғатпен және ондағы барлық тіршілікпен байланысты. Бұл – табиғат пен оның перзенті арасындағы тепе-теңдік болса керек. Ендеше, жақсы дәстүрлер жалғасын таба берсін.
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ