Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЭЛЕКТР ЖҮЙЕСІ: ЖАҢАРУҒА БЕТАЛЫС ҚАЛАЙ?

ЭЛЕКТР ЖҮЙЕСІ: ЖАҢАРУҒА БЕТАЛЫС ҚАЛАЙ?

Қазіргі уақытта электр қуаты маңызды рөл атқарады, онсыз өміріміздің бірде-бір саласын елестету мүмкін емес. Мысалы: заманауи индустрия, өнеркәсіп өндірісі, ғимараттар мен көшелерді жарықтандыру, жылыту жүйесі, медициналық және ауыл шаруашылығы жабдықтары электр энергиясының көмегімен іске асады. Күнделікті қолданатын тұрмыстық заттарымыз, тіпті кейінгі уақытта елімізде саны артып келе жатқан электр қуаты арқылы жүретін автокөліктерде тоқ көзін қажет етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында:
– «Елдегі электрмен қамту желілерінің үштен екісінің, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және су құбыры желілерінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Бұл сандардың нені білдіретіні белгілі. Тарифтерді қолдан ұстап тұру олардың өшуіне, апаттарға, түптеп келгенде азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Монополиялық нарықтарда «Инвестицияларды тарифке алмастыру» деп аталатын жаңа тарифтік жоспарға көшу керек. Желілер мен қуаттылықтардың тозу көрсеткішін кемінде 15 пайызға жеткізуіміз қажет», – деген болатын.
Бүгінде Шиелі ауданында ең өзекті мәселенің бірі болған электр жарығы оң шешімін тауып, жүйелі жұмыстар атқарылуы қуанарлық жағдай. Себебі, бұған дейін электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы жиі орын алатын. Қыс айындағы қалың қар мен боран кезінде, күздегі толассыз жауған жауынның әсерінен жарық өшіп, тұрғындар әбігерге салынатын. Осыны ескерген сала мамандары арнайы жоба әзірлеп, жыл басынан бері тынбай еңбек етуде. Жобаның құны миллиардтан асып жығылады. Бұл туралы Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов облыс әкімінің алдындағы есеп беру кездесуінде:
– Шиелі кентіндегі жоба құны 808 млн теңге болатын электр желілерін қайта құрылымдаудың І кезеңіне 2023 жылы 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда аудан орталығын электрмен қамту желілерінің 42 пайызы жаңаратын болады. Сонымен қатар, жобалық құны 4,5 млрд теңге болатын Шиелі кентіндегі қосалқы станциясын қайта жаңғырту жұмыстарына осы жылға Ұлттық қор есебінен 1,5 млрд теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – деді. Яғни, осы жобалар толығымен жүзеге асса аудан орталығындағы 38 мың тұрғын сапалы электр энергиясын тұтынатын болады.
Жалпы Шиелі ауданында ВЛ35 кВ - 195,3 км, ВЛ-10 кВ - 434,4 км, ВЛ-0,4 кВ - 516,1 км барлығы 1145,8 км электр желілері бар. Оның 78 пайызының тозығы жеткен. Биылғы жылдық жоспарға сәйкес, аудан тұрғындарын электр энергиясымен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз етуге «ҚЭТТК» АҚ қызметтері Шиелі аудандық электр торабы мекемесі 14 дана 35/10 кВ қосалқы станцияға, 1 дана 220/110/35/10 кВ қосалқы станцияға және 10 кВ орталық тарату пунктеріне жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұған қоса сала мамандарының жоспарына сәйкес, 10 кВ әуе желісіне 1,86 шақырым, 0,4 кВ әуе желісіне 1,32 шақырым, 10/0,4 кВ қосалқы станцияға 6 дана, 1 дана 35/10 кВ қосалқы станцияға күрделі жөндеу және 10 кВ әуе желісіне 0,32 шақырым, 0,4 кВ әуе желісіне 0,69 шақырым, 6 дана 10/0,4 кВ қосалқы станцияға, 1 дана 35/10 кВ қосалқы станцияға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Қазақ даналығында «бірлік бар жерде, береке бар» демекші, аудан әкімшілігі мен Шиелі аудандық электр тарату торабы мекемесімен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстар күнненкүнге өз нәтижесін беруде. Атап айтар болсақ, «Шиелі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» КММ-нің тапсырысы бойынша, Шиелі кентінде 10/0,4 кВ электр желілері мен электр қондырғыларын қайта құру жаңғырту жобасы жұмыстарының I кезең жүргізілуде. Ұзындығы 25,2 шақырым 10 кВ әуе желісі, 18,3 шақырым 0,4 кВ әуе желісі, КТПГ10/0,4 кВ қосалқы 9 дана станциясы қарастырылып, тамыз айында қолданысқа берілмек.
Өткен жұма күні Шиелі аудандық электр тарату торабы мекемесінің бастамасымен электр желілерін жаңғырту жұмыстарын зерделеуге баспасөз туры ұйымдастырылды. Арнайы турға облыстық телеарна тілшілері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Бекішов және жергілікті БАҚ өкілдері мен мекеме қызметкерлері қатысты.
Алдымен мекеме басшысы Ғ.Қалқұлов қатысушыларға биылғы жұмыс жоспарын таныстырды.
– Биылғы жұмыс жоспары ауқымды. Ең бастысы, тұрғындарды электр желісімен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салатын боламыз. 2023 жыл «Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-нің тапсырысы бойынша Жөлек, Жиделіарық, Жақаев, Бестам, Қодаманов, Алмалы, Бәйгеқұм, Алғабас, Бала би, Ортақшыл, Бекежанов елді мекендеріне 10/0,4 кВ электрмен жабдықтау желілерін қайта құрылымдау үшін жоба әзірледік. Жоспар 2024-2025 жылдары аралығында жүзеге асады. Сондай-ақ Алмалы, Бидайкөл, Бестам, Тәжібаев, Жиделіарық, Байсын, Тұрсынбай датқа елді мекендеріне 10/0,4 кВ электрмен жабдықтау желілерін қайта құрылымдау жобасы жасалуда, оның да іске асу мерзімі 2024-2025 жылға жоспарлануда – дейді сала басшысы.
Алдымен зерделеу жұмысы Жаңақорған ауданымен шекаралас орналасқан ПС-35/10 кВ «Тақыркөл» қосалқы станциясынан бастау алып, 220/110/35/10 кВ «Шиелі» станциясында зерделеу жұмыстары жүргізілді. Кент ішіндегі электр бағаналарын ауыстыру, тоқ сымдарын тартып жүргізуге куә болған аудан тұрғындары ыстық ықыластарын білдіріп, сәттілік тіледі. Мекеме мамандарының жүйелі жұмысының мән-жайымен таныс болған БАҚ өкілдері көкейдегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптарын алды. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Бекішов:
– Соңғы жылдары аудан көлемінде тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету жақсарып келеді. Аудан әкімдігімен бірлесіп, нәтижелі жұмыс атқарып отырған аудандық электр тарату мекемесіне алғысымды білдіремін. Осылай халық пен БАҚ өкілдерімен ашық түрде жүргізілген тур өз жалғасын таба берсін. Бастаған істеріңіз жыл соңына дейін толықтай аяқталып, халықтың игілігіне жарасын, – деп оң бағасын берді.
Иә, біздегі электр жүйесінің тозу деңгейі жоғары екені рас. Аймақ басшысы Н.Нәлібаев бұл электр жүйесі күттірмейтін мәселе екенін айтып, тиісті мамандарға тапсырма беріп, шұғыл түрде жүзеге асыруды міндеттеген болатын. Міне, бүгін жобалар қолға алынып, білікті мамандар іске кірісті. Көп ұзамай атқарылған іс өз жемісін беріп, күз бен қыста, дауылды және жауынды күндері халық жарықтан қысылмай шығады деп сенім білдіреміз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ

23 сәуір 2024 ж. 187 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031