Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "5 миллион қалыңмал сұрады": Маңғыстау облысына келін болып түскен таиландтық қыз Ислам дінін қабылдады

"5 миллион қалыңмал сұрады": Маңғыстау облысына келін болып түскен таиландтық қыз Ислам дінін қабылдады

Әлеуметтік желіде көптің назарын аударған таиландық келін енесіне сәлем салып, зыр жүгіріп қонақ күтіп жұртты сүйсіндірді. Қазақ баласы мен мұхиттың арғы жағынан келген арудың махаббаты желі қолданушыларын қызықтырмай қоймады. Таиландық аруды әулетіне келін еткен Мирастың әпкесі Қалсұлу Stan.kz тілшісіне жастардың махаббат хикаясымен бөлісті.

Ақтауға келін болған Ихваның қайын әпкесі Қалсұлу жастардың ағылшын тілін үйреніп жүріп, танысқанын айтты. Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының бірін борт механик мамандығы бойынша аяқтаған Мирас тағдырдың айдауымен туған жері Маңғыстауға қайта оралады.

“Мирас оқуын аяқтап, Ақтауға оралып, ағылшын тілін дамытпақ болды. Ол Ихвамен ағылшын онлайн курсында танысқан. Сөйтіп 6 ай сөйлесіп, қарым-қатынас құрған. Таныстығы махаббатқа ұласты. Осыдан бір жыл бұрын Мирас қызды көру үшін Таиландқа барып келді. Барғандағы мақсаты – қызбен, оның әке-шешесімен жақынырақ танысу еді. Қыз жақ та бұл некеге қарсылық танытпады. Мирас Ихваның ата-анасының алдынан өтіп, қолын сұрап барды. Ол жақ та інімді құшақ жайып, жылы жүзбен қарсы алған. Араға бір жыл салып жастар үйленіп, отбасы боламыз деп шешім қабылдады”, – дейді Мирастың әпкесі.

Сөйтіп Мирастың жақындары биыл қазақтың, Маңғыстаудың салт-дәстүрімен Таиландқа барып, қызға сырға салып, елге алып келді.

“Келген күні-ақ беташар жасадық. 17 сәуір күні дүркіретіп тойын өткіздік. Біз інімнің таңдауына қарсы келген жоқпыз. Өзінің қалауы сол болды. Біз өз тарапымыздан тек қолдау көрсеттік, келісімімізді бердік”, – дейді Қалсұлу.

“Інжу деп азан шақырып атын қойдық”

Ихва келе сала Ислам дінін қабылдап, мұсылман болды. Тіпті азан шақырып ат қойып, есімін өзгерткен.

“Келініміз Ислам дінін қабылдады. Інжу деп азан шақырып атын қойды. Өзінің есімі – Ихва. Қазіргі кезде қазақтың барлық салт-дәстүрін үйреніп жатыр. Айтуынша, оған әдет-ғұрыпты үйрену қиынға соқпаған көрінеді. Сәлем салады, қонақтарды күтіп алады, алғасын да айтады. Таңырқап, жатырқайтындай ештеңе жоқ деді. Ұқсастықтар да бар екен. Мысалы, біздегі қалыңмал секілді олар да қызға ақша сұрайды екен. Негізі бастапқыда қалыңмалға 5 миллион теңге сұрады. Екі жақ өзара келіскен соң 3 миллион теңгеге тоқтады. Ол жақта да жасау, дүние деген секілді жоралғылар бар екен. Бірақ біз шетел асып келген соң ондай дүниелерді жүк қылып әкеле алмадық”, – дейді Мирастың әпкесі.

Таилықтарда қалыңдыққа әшекей-бұйым, алтын деген секілді сыйлықтар береді екен. Жігіттің жақындары да құр алақан бармады.

“Біз жақтан да сый-сияпат болды. Әжесіне, анасына алқа сыйладық. Келінге гауһар тасты әшекей тақтық. Ихваға Таиланда өз үйінде сырға салдық. Сөйтіп әкесі, әжесі бізді мейрамханада қонақ қылды. Әзірге келін ата-енесінің қолында тұрады. Ихва – олардың бірінші келіні. Жас жұбайлар алдағы уақытта Ақтау қаласында тұрады. Шетелеге кету туралы ой әзірге жоспарда жоқ. Болып жатса уақытын көре жатармыз”, – дейді Қалсұлу.

Барын салып, дәстүрді дәріптеп, сіңісіп кетуге тырысып жүрген Інжуге желі қолданушылары сүйсініп, ақ тілегін арнады.

“Сондай сүйкімді. Бақытты болсын”, “Жүзі жылы екен, ренжітпеңіздерші”, “Сұлу келін, екі жас бақытты болсын”, “Алла тіл-көзден сақтасы”, – деп мақтауын жаудырды желідегі жұрт.
21 сәуір 2024 ж. 200 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930