Тараздық жылжымалы көрме Сыр елінде
Қызылордалықтар Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына, халық ақыны, жырау, әнші және композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ұлы даладағы мыңжылдықтар ізімен» атты жылжымалы көрмені тамашалады. Мәнді шара облыстық тарихи-өлкетану музейінің Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында өтті.
Жамбыл және Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейлері бірлесіп ұйымдастырған көрмеде Жамбыл өңірінде әр жылдары жүргізілген ғылыми-археологиялық зерттеу жұмыстары барысында табылған материалдық және рухани құндылықтар, әлемдік маңызы бар бірегей жәдігерлер мен артефактілер ұсынылған. Атап айтқанда, археологиялық коллекцияның бірегей топтамалары – ежелгі темір дәуірінің ескерткіші «Жетітөбе» қорымынан табылған алтын әшекейлер, сақ жауынгерінің дулығасы, ерте темір дәуірінің тарихын, мәдениетін айғақтайтын найзаның, жебенің ұштары, жануарлардың қола мүсіндері, көне түркі дәуірін қамтитын жәдігерлер. Талас жазулары, ортағасырлық Тараз қаласының тарихын баяндайтын түркі, қараханид, моңғол, саманид теңгелерінің айналымда болған ең құнды топтамалары, ортағасырлық тұрмыста түрлі мақсатта қолданылған бірегей қыш ыдыстар, үлкенді-кішілі шырағдандар, хош иісті әтірлерді, дәрілік заттарды, сынап сақтайтын жұмыртастар, оссуарий, Айша бибі кесенесінің түпнұсқа кірпіштері қойылған. Сондай-ақ көрмеде Жамбыл облысының топырағынан түлеп шыққан ұлы тұлғалар Ықылас Дүкенұлы, Асанәлі Әшімов, Асанбай Асқаров, Жазылбек Қуанышбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сынды тұлғалардың жеке заттары, фотосуреттері, архив құжаттары және қазақтың бергі тарихында халқымыздың композиторлық, әншілік, айтыскерлік, ақындық сынды бірнеше өнерін биікке көтерген Кенен Әзірбаевтың жеке қолданысында болған заттар да бар.
– Жамбыл өңірі – тарихы терең, табиғаты әсем, қойнауы қазба байлыққа толы қасиетті өлке. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан жәдігерлер шаһардың кезінде ұлы өркениет ошағы болғанын көрсетеді. Ежелгі заманда дүниенің төрт тарабын байланыстырған Ұлы Жібек жолының да тағылымы бөлек. «Ақыртас», «Баласағұн», «Баркуаб», «Құлан», «Өрнек» қалашықтары тарих белесінен сыр шертеді.
Жылжымалы көрме негізгі үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ерте темір дәуірінен бастап ортағасырлық Тараз маңынан табылған ерте археологиялық бірегей жәдігерлер ұсынылған. Екінші бөлім «Ұлы тұлғалар тағылымы» деп аталады. Мұнда Ы.Дүкенұлы, Д.Қонаев, А.Асқаров, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза сынды тұлғалардың облыстық өлкетану музейіндегі жеке заттары көрсетілген. Ал көрменің үшінші бөлімі халық ақыны, жырау, әнші және композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай оның жеке өміріне, шығармашылығына қатысты заттарға арналып отыр, – дейді Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Кәрібайұлы.
Айта кетейік, қызылордалықтардың жылжымалы көрмені 12-25 сәуір аралығында тамашалауына болады. Сырбойылықтар мен қала қонақтарын Жамбыл өлкесінің көпғасырлық тарихымен, өткен буынның материалдық және рухани өмірінің мұраларымен таныстыру, өңірлер арасындағы және музейаралық мәдени байланыстарды нығайтуды басты мақсат еткен шараға қала тұрғындары мен мектеп оқушылары да қатысты.
– Өлке мен музейлер арасындағы мәдени-ғылыми байланысты нығайтуды осындай мәнді шаралардан бастасақ дейміз. Бұл – жылжымалы көрменің алғашқысы да, соңғысы да болмас. Сыр жұртшылығы үшін аталған көрме екі аптаға созылады. Тарихты да, әдебиетті де, мәдениетті де жеке дара бөліп қарастырудың қажеті жоқ сынды. Осы ретте жылжымалы көрмелердің өңірлер арасындағы мәдени байланысты арттыруда атқарар қызметі мен жауапкершілік жүгінің мол екенін мойындау керек, – дейді Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ілияс Сейітжан.