Облыс тарихымен тамырлас өлкетану музейі
Әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келетін өңірдің облыс болып құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр. Осынау жыл ішінде өңірдің қалыптасуы, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі өсіп-өркендеу жолындағы бағындырған биігі, алған асуы аз емес. 1938 жылы 15 қаңтарда Қызылорда облысын құру туралы қаулы қабылданса, 1939 жылы 7 ақпанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының ұйымдастыру комитетінің арнайы Қаулысымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі құрылды. Демек, облыстың құрылуымен бірге бұл саланың да 85 жылға жуық тарихы бар.
Шаһар орталығында орналасқан музейдің қазіргі ғимараты – қаламызды көркейтіп тұрған архитектуралық ескерткіштердің бірі. Мұнда облысымыздың өлке тарихы мен мәдениетіне қатысты 65474 экспонат сақтаулы. Тарихтан сыр шертетін әрбір экспонаттың музейде алар орны айрықша.
Алғаш рет Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында еліміздің ерте дәуірдегі мәдениетін, тарихын айқындайтын ұлттық құндылықтар «Арқаның Алтын адамы» мен Алтын Орда дәуіріне жататын гипперреалистік кейіптегі Болған Ана бейнесі, Батыс өңірінің «Сармат көсемі» мен «Тақсай Ханшайымы» сынды «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігерлерінен «Алтын киімді Ұлы дала елі» атты көрме ұйымдастырылып, Сыр жұртшылығы Ұлы даланың жауһар жәдігерлерімен танысуға мүмкіндік алды. Музей директоры Сапар Көзейбаев толымды істер мен алда атқарылар жұмыстар жайында толығырақ айтып өтті. Оның айтуынша, 85 жылға жуық тарихы бар музей өз жұмысын өлке тарихы мен табиғатын зерттеуден бастаған. Музейдің ең алғаш тұрағы 1890-1896 жылы салынған Христос Спаситель шіркеуінде болыпты.

– Кейін 1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша музейге екі қабатты ғимарат бөлініп, 1985 жылдың 7 мамырында ол келушілерге есігін айқара ашты. Музей орналасқан бұл ғимараттың өзі – 1953 жылы салынған қаламызды көркейтіп тұрған архитектуралық ескерткіштердің бірі. Қызылорда облысы бойынша 1991 жылға дейін 4 музей қызмет атқарса, тәуелсіздік алғаннан кейін облыс бойынша музейлар саны 14-ке жетіп, халыққа қызмет көрсетуде. Музей қорындағы құнды экспонаттарды «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қызметті жетілдіру, экспонаттарды сақтау, көпшілікке танымал ету және қолжетімділігін арттыру үшін цифрлық мәліметтерге айналдыру мақсатында «АС-Музей» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі орнатылды.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шірік-рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде табылған археологиялық экспонаттар, соның ішінде сақ дәуірінде алтыннан жасалған әшекей бұйымдарды ерекше атауға болады. Сондай-ақ музей қорында әйгілі Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының нәтижесінде Мәскеуден арнайы әкелінген 2000-ға жуық құнды археологиялық бұйымдар сақталған.
Сонымен бірге ХVІІІ-ХХ ғасырларда Санкт-Петербург, Стамбул, Ташкент, Қазан қалаларының баспасынан шыққан сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар – өте құнды рухани байлығымыз. Шетелдік зерттеушілердің аса қызығушылығын тудырып жүрген артефактілердің бірі – Жоңғар дулығасы. ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар мерзімделген аталған дулыға Қазақстанда баламасы жоқ дүниелердің бірі болып табылады.
Сыр мәдениеті мен қылқалам өнерін насихаттау мақсатында 2014 жылы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан Көркемсурет галереясы ашылып, оған кескіндемеші, график-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді. Жергілікті қылқалам және қолөнер шеберлерінің шығармашылығына қолдау көрсетіліп, халықаралық, республикалық суретшілер симпозиумдары мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері және фестивальдары ұйымдастырылып келеді, – деді Сапар Әлиасқарұлы.
Айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жеңіп алған «Алтын домбыра» мен дәулескер күйші Қазанғап Тілепбергенұлының мәңгілік мұра болған домбырасының көшірмесі облыстық музей экспозициясының төрінен орын алып, құндылықтар қорын толықтырды.
2012 жылы Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің филиалы «Балықшылар музейі» ашылды. Музейге реконструкция, реэкспозициялық жұмыстар жүргізіліп, сенсорлы телеэкрандармен, сенсорлы моноблоктармен жабдықталып, заманауи үлгісімен халыққа қызмет көрсетуде. Арал теңізі мен теңіз балықшылары, аралдық еңбек озаттарының ерен еңбектері мен ерліктерінен сыр шертетін музей қорында 2000-нан аса құнды жәдігер сақталған.
Алдағы уақыттағы ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылған археологиялық материалдар негізінде ақсүйек әйелдің реконструкциясын және Ежелгі Шірік-рабат қалашығынан табылған археологиялық материалдар негізінде сақ жауынгерінің реконструкциясын дайындау жоспарлануда. Жалпы тарихи-өлкетану музейінің қалыптасу дәуірі мен дамуы өңірдің шежіресі мен өрелі істерінен хабардар етіп тұрғандай.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА