ЖӨЛЕКТЕ СЫР ЖҮЙРІКТЕРІНІҢ БАСЫН ҚОСҚАН ДҮБІРЛІ АЙТЫС ӨТТІ
Сенбі күні Жөлек ауылында Жөлектен шыққан мәдениет майталмандары Зәкір Жақыпов, Оразкүл Алтынбекова және Ержан Бәйімбетовті еске алуға арналған "Жөлек Жауһарлары" атты облыстық ақындар айтысы өтті.
Дүбірлі айтысқа елімізге танымал жерлестеріміз шашасына шаң жұқпаған 3 дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, шиелілік ақындардың ұстазына айналған "Мәдениет қайраткері" Кенжебай Жүсіп, көптеген додада дара келген Республикалық айтыстардың жеңімпазы Иран-ғайып Күзембаев, "Айтыстың ақтаңгері" Мейірбек Сұлтанхан, Сырдың жүйрігі Нұрмат Мансұров, Зухра Төлепова, шашасына шаң жұқпай көптеген айтыстарда жеңімпаз атанған Ержан Әміров, аралдық жүйрік Ержеңіс Әбдиев, қатысты.
Айтысты аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков ашып беріп, ауылдағы ауқымды шараға қолдау білдіріп, қиыннан қиыстырып уақыт тауып келген барша ақындарға алғысын айтты.
Ақындар айтыс барысында мәдениет майталмандары Зәкір Жақыпов, Оразкүл Алтынбекова және Ержан Бәйімбетовті жырға қосып, әрі қағытпа қалжыңдары мен ұтымды ойларымен айтысқа келген қалың көрерменнің ықыласына бөленді.
Кеш соңында ауыл әкімі Мейірбек Жолдасбеков айтысқа келген барша ақындар мен көрермендерге алғыс айтып, ақындарға аудан әкімінің алғыс хаты мен арнайы сый-сияпаттар табыстады.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі