2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні
2007 жылдан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2 сәуірді Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні деп жариялаған болатын. БҰҰ бұл күнді барлық адам құқығы мен бостандығын басқа адамдармен тең дәрежеде ұстауға күш салу және ынталандыру мақсатында атап өтеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 160 баланың біреуі немесе балалардың 0,6%-ы аутизм спектріндегі мәселелерден зардап шегеді (бұл көрсеткіш Солтүстік Америка және Еуропа аймақтарындағы елдердің орташа мәнін білдіреді).
Ал елімізде кейінгі 13 жылда АСД бар балалардың саны айтарлықтай өскені байқалады. Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 15 мыңнан астам балаға аутизм диагнозы қойылған. Аутизм спектрі бұзылған мектеп жасына дейінгі балалар – 7 мыңға жуық. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі науқастар – 9 мыңға жуық.
Сарапшылар статистиканың себебін ерте жастағы аутизммен ауыратын балаларға психологиялық көмек көрсетудің жеткіліксіздігі деп атайды. Қазір елімізде аутизмі бар азаматтарға арналған 216 түзету кабинеті мен 13 оңалту орталығы жұмыс істейді.