Облыстық малшылар слеті
Балықшы дауылда, егінші жауында тынығады деген сөз бар. Ал, малшы қандай ауа райы болсын жылдың төрт мезгілінде де төрт түлігін түлетеді. Міне, жайлауы жазық даланың төскейіне мыңғырған малын жайып, ата кәсіппен айналысқан малшылар қауымы биыл төртінші рет Жаңақорған ауданындағы Қаратау бөктерінде бас қосты. Мал өсірумен айналысатын қожалықтарға заманауи озық технологияны енгізіп, сапалы өнім өндіру сондай-ақ, экспорт әлеуетін арттыру мақсатындағы слетке Сыр еңбеккерлерімен қатар шаруашылық иелері де қатысты.
IV облыстық малшылар слетіне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің басшылары, республикамыздың белгілі ғалымдары, республикалық палаталар мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты. Соңғы төрт жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан слеттің алғашқы күнінде, яғни 11 мамырда делегаттар Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылдық округіндегі Керімхан Егізбаевтың «Orda Агротехнология» ЖШС жұмысымен танысты. Сондай-ақ, осы ауданның Қыркеңсе ауылындағы Серік Мырзабаевтың «Бекарыс Агрофуд» ЖШС тыныс-тіршілігіне зер салды. Шаруашылықтар «Байқоңыр» ӘКК бірлесіп, ет бағытындағы 150 бас «Санта Гертруда» тұқымды және 300 бас қалмақ тұқымды ірі қара мал сатып алып, селекциялық жұмыс жүргізіп жатыр. Аталмыш шара, түс ауа аудандық мәдениет үйінде өтетін «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары» атты семинарға ұласты. Елбасымыз бір сөзінде «біз басқа мемлекеттермен «Боинг» ұшағы, «Мерседес» көлігі сияқты кереметтерімізбен жарыса алмаймыз. Оның есесіне Қазақстанда ауыл шаруашылығын өркендетуге мол мүмкіндік бар» – деген болатын. Бұл дегеніміз, Қазақстанның әлемдік нарыққа бау-бақша өнімдерінен бөлек, төрт түлік малды өсіріп экспортқа шығаруға жағдайы әбден жетеді деген сөз.
Тау шатқалындағы той
Малшылар слетінің екінші күні, 12 мамырда Жаңақорған ауданы тұсындағы Қаратау баурайындағы «Үсен бауы» шатқалында асыл тұқымды мал шаруашылығы бағытындағы ұйымдастырылған көрмеден бастау алды. Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мал шаруашылығы қазақ халқының ата кәсібі болып табылатынын және осы күнге дейін республикамызда жетекші сала екендігін атап өтті. «Бүгінгі күні ата кәсібіміз – мал шаруашылығының ел экономикасындағы салмағы азайғанымен, оның тұрмыстық-шаруашылық, тарихи-мәдени мән-мағынасы кеміген жоқ. Әсіресе, әлемде жылдан жылға халық санының өсуінен сапалы азық-түлік өндіру ғаламдық деңгейдегі өзекті мәселеге айналып отыр. Елбасы айтқандай, «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілер бола аламыз». Сондықтан, көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған малшылар слетінің негізгі мақсаты да төрт түліктің жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу. Осы кәсіпті кеңейтіп, оны дамытудың жолдары туралы пікір алмасу. Ықылым заманнан келе жатқан ата-бабаларымыздың «малым-жанымның, жаным-арымның садағасы» деген қағидасын жаңа ХХІ ғасырда да үлкен ниетпен, үлкен үмітпен қайталаймыз», – деді аймақ басшысы.
Кейінгі жылдары Қызылордадағы малшылар слетіне өзге облыстан өкілдер жиі қатысатын болды. Осыны ескерген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келер жылы облыста «Бірінші республикалық малшылар слетін» өткізуге ұсыныс білдірді. Осы орайда айта кету қажет, облыс тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін тарату нарығына маркетингтік зерттеулер жүргізіп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі «Агрокартасы» қабылданды. Жоспарға сай 2022 жылға дейін облыста ет өндірісін 13 мың тоннаға, сүт өндірісін 68 мың тоннаға ұлғайту және 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 есеге дейін арттыру тиіс. Облыстың географиялық жағынан тиімді орналасуы Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа мемлекеттеріне өнімдерімізді экспорттауға өте қолайлы. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы Иран және Парсы шығанағындағы елдермен сауда-саттық жасаудың жолын ашып отыр. Ал, буферлік аймақтан шығуымыз, өткен жылдың өзінде Иран, Монғолия, Біріккен Араб Әмірлігіне 2,3 мың бас тірілей қозы етке өткізу мақсатында экспорттауға мүмкіндік бергенін де ескеруіміз керек. Қазір Иран, Қытай, Монғолия, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді алуға дайын екендігін білдіруде.
Сонымен қатар, облыс көлемінде соңғы 5 жылдың өзінде салаға тартылған инвестиция 23 есеге ұлғайған. Өткен жылы «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы облыстық бюджеттен мал шаруашылығын дамытуға 1 млрд. теңге қаржы бөлінсе, биыл 1,3 млрд.теңге қаржы қарастырылды. Облыста мал басы, өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты – 1993 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 29,6%, жылқы – 50,4%, түйе саны – 52,5%-ға көбейіп отыр. Оның ішінде, соңғы 5 жылда ұйымдастырылған шаруашылықтарда ет өңдіру 2,7 есеге көбейсе, сүт өндірудің көлемі 1,6 есеге артып отыр.Облыста «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының аясында мал басы көбейіп, тұқым түрлендіру жұмыстары атқарылуда. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын репродукторлық шаруашылықтар құрылды. Тек соңғы 5 жылда 4,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара, 36 мың бас қой сатып алынды, жылына 23 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын алаң құрылыстары салынды.
Сондай-ақ, облыс әкімі мал шаруашылығын дамытуда шешімін күткен мәселелер (жем-шөп қорының жеткіліксіздігі, мал басының жеке сектордағы үлесінің басым болуы, жергілікті мал өнімділігінің төменділігі) де жеткілікті екенін атап өтті. Сол мәселелерді шешу мақсатында жайылымдық жерді барынша тиімді пайдаланып, ет, сүт, жүн, теріні терең өңдейтін жаңа технологияларды енгізу және жеке секторда отбасылық шағын тауарлы өндірістерді ұйымдастыру мен оларды ауыл шаруашылығы кооперативіне біріктіру жөніндегі ұсынысын білдірді. Аймақ басшысының айтуынша, ол бір жағынан, ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, екінші жағынан, ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген халықты тұрақты жұмыспен қамтуға тиімді мүмкіндік береді.
Биыл да жылдағы үрдістен айнымай еңбеккерлерді аймақтың агроөнеркәсіп кешенінің үздік қызметкерлері ҚР АШМ медальдары мен құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Облыс әкімі Қ.Көшербаев пен республикалық ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Әбубәкір Сүлейменов үздіктерді марапаттап, жеткен жетістіктерімен құттықтады. Қаратау бөктеріндегі мазмұнды шарада марапат төрінен көрінген 51 адамның 8-і Шиелі ауданынан болды.
Екі күнге созылған ұлан-асыр тойда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ас берілді. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, білектілер қол күрестіріп, арқан тартса, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай балуандар боз кілемде белдесті. Сондай-ақ, еңбеккерлер тойында күміс көмей әншілер мен мың бұрала билеген өнерпаздар өнер көрсетті.
Жем қорын қалыптастыру мақсатында да облыста егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, құрама жем өндіретін екі зауыт іске қосылды. Биылғы жылы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін «Сыр Маржаны» серіктестігінің ет комбинатының құрылысы басталмақшы. Ет, сүт шаруашылығын дамытумен қатар, облыста құс шаруашылығы да қолға алынуда. Ал, өнеркәсібі өркендеген Шиелі ауданында өткен жылы алғашқы жұмыртқа өндіретін «Мөлдір и К» серіктестігінің құс фермасы іске қосылса, Қармақшы ауданында «Қармақшы құс» серіктестігінің 1500 тонна құс етін өндіретін фабрикасының құрылысы басталды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында ет бағытындағы «Орда» шаруа қожалығының, жұмыртқа бағытындағы «Самұрық құс» серіктестігінің құс фермалары жұмыс істеп тұр. Облыста мал шаруашылығын дамытудың кластерлік негізі қалыптастырылуда. Осы шаралар толық орындалғанда 2019 жылы мал шаруашылығының дамуы қалыпты өсіп, ет өндірісі 17%, сүт өндірісі 7%, жұмыртқа 65%, құс етін өндіру 69,9 есеге артады деп күтілуде.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Суреттерді түсірген
Ерұлан ДАТКЕНОВ.