Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА ЖАНҚОЖА БАТЫР КӨШЕСІ АРҚЫЛЫ ТЕМІРЖОЛ ӨТКЕЛІ САЛЫНАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА ЖАНҚОЖА БАТЫР КӨШЕСІ АРҚЫЛЫ ТЕМІРЖОЛ ӨТКЕЛІ САЛЫНАДЫ

Бүгінгі облыстық мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласында Жанқожа батыр көшесі арқылы теміржол өткелін салу жобасының тұрғындар үшін маңыздылығына, тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесіне тоқталды.
«Аталған жоба жүзеге асқанда теміржолдың арғы бетіндегі «Шанхай», «Коммунизм», «Гагарин» шағын аудандарының қала орталығымен қауіпсіз көлік қатынасы реттеледі. Осы жолғы нақтылауда жобаны қоса қаржыландыруға 475,6 млн. теңге бағытталуда. Сонымен қатар, автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, көпір өткелдерін салу жобаларын қаржыландыруға 3 млрд.теңге бөлінуде. Жақында ғана Үкіметте тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселелері қаралып, Қызылорда облысының оң тәжірибесін басқа өңірлерге тарату бойынша нақты тапсырма берілді. Қазір бұл бағытта 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі сессияда облыс орталығын санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша халыққа қызмет көрсетуге 1,3 млрд.теңге бөлу нақтыланды», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыстық мәслихат депутаттары көтерілген мәселенің маңыздылығын ескеріп, қолдау білдірді.
Сессияда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков, облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, облыстық мәслихат депутаты Балжан Шәменова, облыстық мәслихаттың төрағасы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
29 наурыз 2024 ж. 90 0