Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ – ДӘСТҮР ІЗГІЛІГІ

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ – ДӘСТҮР ІЗГІЛІГІ

Әмбеге аян, елімізде «Наурызнаманың онкүндігі» өткізіліп жатыр. Соның бірі 18 наурыз – «Ұлттық киім күні». Ұлттың ұлылығын айшықтайтын ұлттық киім әрқашан қазақ құндылығын биіктетіп тұрады. Бұл шүбәсіз. Қазақы ою мен әшекейлер, сәукеле мен кимешек, шапан мен кең етекті көйлек қазақы болмысты ерекшелеп тұратыны хақ. Бұл күнді «Ұлттық киім күні» деп атау бекер емес. Себебі дәл осы күні ұлттық киімдер мен сәнді бұйымдар көрсетіліп, халық назарына ұсынылды. Сондай әдемі көріністі Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің алаңынан көре алдық.


Тағылымы мол мерекеде музей қызметкерлері қазақы нақыштағы киімдерін киіп, самаурынмен келген қонақтарға шай мен дәмді тағамдар ұсынды. Ал жастар жағы жарапазан айтып, көпшілікті тамсандырды. Сондай-ақ музей директоры Қ.Ыханова құттықтау сөз алып, жиналған көпшілікке іс-шараның маңызы мен негізі жайлы сөз қозғады. Ардагерлер мен әжелер де ізгі тілектерін білдіріп, барша жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Шынында, қазақ киімінің киесі бар. Қос етек көйлек, шашбау, үкілі сәукелені кигенде нағыз қайсар елдің ұрпағы екеніңді сезінесің. Бабалардан тәбәрік болып жеткен жәдігерлерді қастерлеп, баршаға насихаттап жүрген елді-мекендердің еңбегі ұшан-теңіз. Қазақ даласына Ұлы Жібек жолы арқылы әкелінген пүліш, барқыт, дүрия, мауыты, масаты, маржан, жібек, атлас, парша сияқты маталардан және аң терісінен тігілген киімдер – қазақ қыз-келіншектерінің сәніне сән, көркіне көрік қосқан. Шара барысында бойжеткен қыздардың үстінен тақия, кәжекей, шашбау, шолпы сияқты киім үлгілері мен әшекей бұйымдарын көрсек, ал ақ жаулықты аналар мен келіндерден сәнді көйлек, кимешек, желек, қамзол, кебіс мәсілерін аңғарсақ, ер адамдардан дәстүрлі киім шапанды байқадық. Ерлер шапаны көп жағдайда жібек, жүн, мақта, барқыт маталарынан дайындалса, шапанмен бірге киетін бас киімі биік төбелі, тегіс төбелі, үшкір төбелі болып түрлі пішінде тігіледі. Бұдан бөлек, қазақта құндыз бөрік, пұшпақ бөрік, қара бөрік секілді түрлері де бар. Ата-бабалардан бастау алып келе жатқан ұлттық киімдер зор талғаммен, сәнді де қонымды етіп үйлестіріліп тігіліп, ұлт мәдениетімен, қоғам өмірінен ажырамас сыр шерткізді. Осылайша, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі ұжымының ұйымдастырған «Ұлттық құндылық – дәстүр ізгілігі» мәдени көпшілік шарасы жоғары деңгейде өтті.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
19 наурыз 2024 ж. 112 0