Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮКІМЕТ АУҚЫМДЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ БАСТАМАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА КІРІСТІ

ҮКІМЕТ АУҚЫМДЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ БАСТАМАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА КІРІСТІ

Президент ТКШ инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту мәселесі бойынша қолданыстағы 55 жылу көзін жөндеуді және кемінде 6,5 шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуды тапсырды. Осы мақсаттарға 650 млрд теңге инвестиция тартылмақ.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы баспана мәселесін айтқан-ды. «Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса, ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады» деген болатын Қ.Кемелұлы. Бұл мәселе де Үкімет назарынан түспеді. Анығында, азаматтардың баспаналы болуын қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін қосымша 272 млрд теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Отбасы» банкімен бірлесіп, 300 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беретін жаңа бағдарлама іске қосылмақ. Бұл бағдарлама жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде ақша жинау міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде барлар қатыса алады. Бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен қосымша 12 мың мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жалпы биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Сонымен қатар бұл – жаңа жұмыс орындарын құруға таптырмас мүмкіндік. Әлгі сан бұрынғы жоспарланған көрсеткіштен 2,5 млн шаршы метрге артық.
Еліміздің жол желісін дамыту бойынша Президент айтқан 12 мың шақырым автомобиль жолдарын реттеу үшін Үкімет ағымдағы жұмыстардан бөлек, қосымша 2,5 шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жоспарға алып отыр. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін шамамен 1 трлн теңге инвестиция бағытталмақ. Жай-күйі жақсы және қанағаттанарлық республикалық жолдардың үлесін 93 пайызға дейін арттыруға, сондай-ақ 24 мың жаңа уақытша және тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
Елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы кемінде 1,7 мың шақырым желіні жаңғырту міндетін қойды. Бұл 300 мыңнан астам азаматқа «көгілдір отынды» қолжетімді етеді. Осыған байланысты Үкімет биыл жоспарланған 46 елді мекеннің орнына 87 елді мекенді газдандырмақ. Осылайша, жеделдетілген шаралардың арқасында 63 мыңнан астам халқы бар қосымша 41 елді мекенде газ алауы тұтанады. Яғни, қамту деңгейі 2 есе ұлғаяды. Бұл мақсаттарға – 195 млрд теңге бөлінбек.
Үкімет басшысы биыл 1 сәуірге дейінгі мерзімде жобаларды қаржыландыру кестесін уақытылы ұсынуды жүктеді. Сондай-ақ кесте жобалардың әрі қарай жүзеге асырылуын нысанаға алуды да көздейді.
«Біз Президенттің ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларының іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Әрбір министрге және әкімге, ұлттық компаниялардың басшылығына жұмысты күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Тұрғындар нақты өзгерістерді көруі қажет. Толықтай қайтарыммен жұмыс істеу және жоғары нәтиже тиімділіктің көрсеткіші болмақ», – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар келелі кеңесте өңдеу өнеркәсібін, транзиттік дәліздерді, кәсіпкерлікті және IT-технологияларды одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралған.
19 наурыз 2024 ж. 110 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930