«Наурыз-челлендж»: Мектептерде бір мезетте күй ойнайды
Наурыз мейрамына арналған республикалық челлендж 20 наурыз күні сағат 12:00-де өтеді. Бұндай челлендж былтыр алғаш рет өтті. Биыл да сондай шара жалғасады. Домбыра үні бір уақытта барлық білім беру ұйымдарында ойнайды, деп жазады Egemen.kz.
«Домбырашылар челленджінің мақсаты – балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкадағы жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Іс-шараға барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Бұл еліміздің мәдени өмірі үшін елеулі оқиға. Шаралар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіледі», дейді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Айта кетсек, еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде 14-23 күндері Наурыз мейрамына арналған тақырыптық челлендждер, жалпыұлттық экологиялық акция және ұлттық ойындардан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.