Он екі баланы әлдилеген
«Анашым, мен өскен соң сізге киім тігетін машина алып беремін», дейді жеті жасар Қазына байсалды түрде. «Мен көйлек тігіп беремін, әдемі, қызыл оюы бар. Сіз сондай көйлекті жақсы көресіз ғой», дейді Әппағы еркелей анасының мойнына асылып. «Ал мен әкеме кө-ө-ө-п ақша беремін, ол үлкен үй салып береді», дейді салмақты кейіпте Нұргүлі. Қыздарының армандай айтқан сөздеріне көңілі босаған ана іштей «әумин» деп, орамалының бір ұшын көзіне апарды...
Аналарының не қалайтынын біліп, көкейіне түйіп жүрген балаларының арманы – орындалмайтын дүние емес. Оны ұл-қызының амандығын, қатарынан қалмай өсіп білімді де еңбекқор, адал азамат болуын тілеп, бар жағдайын жасап жүрген көпбалалы Жанар ана жақсы біледі.
Бүгінде 4 ұл, 8 қызды дүниеге әкеліп, өсіріп-тәрбиелеп отырған Жанар Әбсаматқызының кішкентай қыздарына айтпай жүрген кішігірім тағы бір арманы бар. Ұл-қыздары армандағандай баспаналы болса, есігінің алдына гүл егіп, алыстан көз қызықтырар әдемі ете ауласын абаттандырғысы келеді. Мұны бәлкім, арман деуге де болмас, жақын арада орындалатын жоспар дерсіз.
Иә, он екі баланың анасы Жанар Әлжанованың арманы – әзірге әлеуметтік, яғни тұрмыстық деңгейде. Отағасы Нұрбол мен Жанар ұл-қыздарымен, яғни 14 жан Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбар ауылында жалдамалы үйде тұрады. Бәйдібек ауданының Жолғабас ауылында 1981 жылы дүниеге келген Жанар мектеп бітірген соң, тігіншілікті меңгеріпті. Ал тұрмысқа 24 жасында шыққан. Отағасы Нұрбол Мәлікұлы Шымкенттегі «Бал береке» балабақшасында күзетші. Тұңғыш қыздары Нұрайым өткен жылы сәуірде Түркістан қаласына тұрмысқа шыққан. Қыздан кейінгі ұл Нұрдәулет Шымкент қаласында оқиды. Ал Ернұр мен Арнұр Шұбардағы №18 колледжінде бірі дәнекерлеуші, бірі оператор мамандықтарында білім алып жүр. Күнсұлу, Сымбат, Зере, Мейіржан мен Қазына мектепте болса, Әппақ, Нұргүл мен Аққуназ – ауылдағы «Аяна» балабақшасында. Көпбалалы отбасынан шыққан қыздарды балабақша меңгерушісі Сейдана Бедебаева тегін қамқорлығына алған.
Мамандығы тігінші Жанар ұл-қыздарының үйде киер киімін өзі тігіп береді. Әрине, қолмен. Өйткені тігін машинасы жоқ.
«Тігіншілікпен айналыспаймын, қажетті техникам жоқ. Бірақ ұл-қыздарыма керек киімдердің кейбірін қолмен тігемін. Кейде шалбардың немесе көйлектің қайтарылған жерлеріндегі тігіс біркелкі, тегіс шықпай қалады. Сол кезде ою салып білдірмей жіберемін, әйтпесе балалардың да талғамы бар, кимей қоюы мүмкін», дейді Жанар ана.
Көпбалалы ананың ауыл әкіміне айтар алғысы да мол. Себеп те жоқ емес. Үш жыл бойы түрлі себеппен жәрдемақы ала алмай, қатты қиналған. Ауыл әкімі Мұрат Елшібек заңдық тұрғыда барлық көмекті көрсетіп, жуырда ғана жәрдемақыға қолы жеткен.
«Балалардың жәрдемақысы бар, отағасының азын-аулақ тапқан табысы бар, әйтеуір көппен бірге тіршілік етіп жатырмыз. Өзімнің анам да 8 ұл-қызды дүниеге әкелген. Көпбалалы отбасында тәрбиелендік. Ұл-қыздарым аман, қатарынан қалмай өсіп, тәлім-тәрбие алып жатыр. Бар байлығымыз – солар, әрбірінің өз несібесі бар. Ұл-қыздардың көбін жыл аралата жарық дүниеге әкелдім. Оған отағасы екеуміз қиналған да, өкінген де емеспіз. Қайта әрбірі дүниеге келген сайын қуаныш сыйлап, өзімізді бақытты сезіндік. Ауыл әкіміне, балабақша меңгерушісіне рахмет, жағдайымызды сұрап көмек көрсетті. Қыздардың бірі 12 жастағы Сымбатымыз домбыра үйірмесіне қатысып жүр. Ұлттық аспапты меңгеруіне жағдай жасап, тегін үйретіп жүрген Фариза апайға да айтар алғысым шексіз. Үй алуға кезекте тұрмыз, 134-ші едім, қазір екіншіміз. Алла нәсіп етсе, баспаналы да болармыз. Тек ұзаққа созылмаса екен. Үй алсам, ауласын абаттандырып, бау-бақша өсірсем деймін. Балаларды еңбекке баулып, өзіміздің көкөніс, жеміс-жидегімізді жесек деймін. Ең басты арманым – баспаналы болу», дейді Ж.Әлжанова.
Көпбалалы ананың барлық арманының орындалуына тілектестік білдірдік. Қоштасарда ұл-қыздарының тегін сұрағанбыз. «Атамның атын атай алмаймын ғой, қазір құжаттарын көрсетейін», деді Жанар ана. Он екі ұл-қыздың тегі – Мәлікзат.
Түркістан облысы
egemen.kz