Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЗ ТЕАТРҒА БАРҒАНДА...

БІЗ ТЕАТРҒА БАРҒАНДА...

Күнделікті тіршілік адам әрекетіне сіңіп қалса, оның сол күйінен еріксіз безініп, жанын тыныштандыратын демалысты аңсап кететін әдеті емес пе? Бұндай сәтте әр адам өз демалысын әр нәрседен табады. «Жұма күні ауданда спектакль көрерменге жол тартады» дегенді естігенде, сол демалыстың уақыты келгендей қатты қуандық. Бұл – жай демалыс емес, рухани демалыс.
Газеттің кезекті саны аяқталып, жұмыс аптасын тәмамдаған соң, ойымызды күнделікті өмірден бұра тартып, Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйіне қарай бағыттадық. Еңсесі биік ғимаратқа кіргенде, кешкі уақытын осы сәтке арнайы келген қалың жұрттың ортасына топ ете қалдық. Бәрі де жамырасып, бірер минуттан кейін сахнада өнер көрсететін актерлермен бірге театр әлеміне еніп кетуге дайын отыр. Мәдениет үйінің залы толы болды. Басым көпшілігі – орта буын өкілдері. Осы тұста «бұндай мәдениет ортасына неліктен жастар аз келеді?» деген сұрақ туды. Театр сахнасы көрініске сай безендіріліпті. Төрде орналасқан диван, әдемілеп жайылған дастархан қарапайым бір отбасының оқиғасын үнсіз ұқтырып тұр. Біз де өз орнымызға жайғасып, қойылымның басталар уақытын күттік.
КӨРЕРМЕН КҮТКЕН ҚОЙЫЛЫМ
Қойылымның алғашқы сахнасы бір қарағаннан-ақ бар жанарды өзіне жақындата түсті. Жиналғандар жерлесіміз, жазушыдраматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» атты драмасын тамашалады. Отбасылық ситуациялар арқылы дәуірдің дертін сипаттаған бұл шығарма бүгінде көптеген театр сахналарында көрермен назарына ұсынылып келеді.
Қос тағдырдан өрбіген өмір өзегін бейнелеген актерлер өз рөлін жоғары деңгейде алып шықты. Оған Дәукен мен Айжанның, Зияда мен Сарманның отбасылық оқиғадан құрылған полилогы мысал бола алады.
Қойылымның қоюшы режиссері – Меруерт Жомартова актерлердің бұл күнге тыңғылықты дайындалғанын айтады. Дайындық барысына бір ай уақыт кеткен. Асқан еңбекті қажет ететін драманың сахнада сәтті қойылуы өнер ұжымының шеберлігінің арқасында болса керек.
Қойылымның жетістігі, әрине, көрерменінің көп болуында. Біраз уақыттан бері театр қойылымдарына сусап қалған аудан халқының осындай мәдени ортаны көптен сағынып қалғаны рас. Сондықтан олардың да пікірін тыңдап көруді жөн санадық:
– Бұл қойылымға осымен екінші рет келіп отырмыз. Әдеттегідей жақсы демалып қалдық. Актерлер өмірде жиі кездесетін жағдайларды шеберлікпен көрсетті. Шығарма адамға дұрыс жолды көрсетуге бағытталған. Сондықтан әрқайсымыз сабақ алуға тиіспіз.
– Бүгін өте әсерлі қойылымға куә болдық. Көңілімізден шықты. Осындай ерекше сезімге бөлеген Мәдениет үйінің ұжымына үлкен алғыс білдіреміз. Еңбектері жана берсін. Осы секілді қойылымдар айына бір болып, бізді қуантып тұрса екен дейміз, – дейді көрермен.
СӘТТІЛІК ӘКЕЛГЕН ДЕБЮТ
Шығарманың негізгі идеясын, автордың ұшан-теңіз қиялын көрерменге жеткізуші актер екені белгілі. «Халық» театры актерлерінің де аудандық мәдениет үйіне бірнеше жылдан бері еңбегі сіңген. Бұны көрерменнің ықыласынанақ байқауға болады. Осы ретте қойылымдағы басты рөлдердің бірін сомдап шыққан Думан Бауыржанұлы жайында сөз еткелі тұрмыз.
Күйбең тіршіліктің кесірінен күйреуге ұшыраған отбасының отағасы Дәукеннің бейнесі жас актердің дебюттік рөлі болған.
– Бұл спектакльді менің ең бірінші төлқұжатым деуге болады. Одан кейін де бірнеше рөлді алып шықтым. Бірақ «Біз де ғашық болғанбыз» өзіме ыстық болған қойылымдардың бірі болып қалды, – дейді ол.
Думан кейіпкер Дәукеннің түрлі психологиялық, философиялық образын жасауда барын салып, көрерменнің есінде қалатындай шеберлік көрсетті.
– Дәукен – бір бойына махаббатты да, опасыздықты да сыйдырған кейіпкер. Егер халық мені сондай адам ретінде көре алса, оны менің жетістігім деп білемін. Демек, халықты ойнаған рөліме сендіре алдым.
Театр актері М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде «Актерлік өнер» мамандығы бойынша білім алған. Шиелі ауданындағы Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйіне 2019 жылы Молдабай Дулатовтың арнайы шақыртуымен келген. Бүгінде аталған рухани орында көрерменнің көзайымы болып жүрген «Халық» театрында қызмет атқарып жүр. Өзін мектеп кезінен осы өнерге баулыған ең алғашқы ұстазы – Зульфия Құрманәліқызына алғыс білдіреді.
Сахнаға алғаш шыққанда өз рөліне қызығушылық танытқанын айтты. Ал қазір Думан еркін өнер көрсетеді. Көрерменнің оң бағасын алып, ықыласына бөленіп үлгерген. Алдағы уақытта өзін басқа рөлдерде де сынап көргісі келеді.
Жуырда Думан Бауыржанұлы 4 наурызда көрерменге ұсынылатын кезекті қойылымның басты рөлінде ойнамақ. Өнер иесінің алдағы жоспарларына сәттілік тілейміз!
ТОСЫН СЫЙ
Бұған дейін Мәдениет үйінің сахнасында Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», Б.Ұзақовтың «Жандауа» психологиялық драмасы, сондайақ арнайы тапсырыспен «Тауасар батыр» спектаклі қойылған. Ал «Біз де ғашық болғанбыз» пьесасы осымен үшінші мәрте көрерменге жол тартып отыр. Бұның өзіндік себебі бар. «Халық» театрының өкілдері алда бір жаңашылдықтың болатынын айтып, қуантып қойды. «Ол не?» дейсіз ғой?!
Жыл сайын 27 наурызда атап өтілетін Дүниежүзілік театр күні қарсаңында аудан жұртына жаңа премьера ұсынылмақ. Театр актерлері осы бір айтулы күні халыққа ұнамды, тың спектакль қоюды жоспарға алған. Қазіргі таңда сол қойылымға дайындық үстінде. Ал оған дейін аудан жұртын 4 наурыз күні сахналанатын «Махаббат мұңы» қойылымына шақырады.
Қазақ мәдениетінің ажырамас бір саласы – театр өнері. Әдеби көкжиегімізді кеңейтіп, рухани кемелдік мекеніне жиі барып тұруды ұмытпайық!




















Таслима ӘЛІШЕР

27 ақпан 2024 ж. 129 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930