Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде туу көрсеткіші жоғары өңірлер аталды

Елімізде туу көрсеткіші жоғары өңірлер аталды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде туу көрсеткішінің артқанын айтты. Сонымен қоса халық санының артуы мемлекет алдына жаңа міндеттерді қойып отыр.



«Мемлекет басшысы демографиялық өзгерістерді болжап, олардың салдарымен күресу үшін уақтылы шаралар қабылдау қажеттігін баса айтты. Еліміздің демографиялық даму саласындағы тенденцияларға тоқталсақ, 2021 жылы соңғы 34 жылдағы ең жоғары туу көрсеткішіне қол жеткіздік. Бүгінде Алматы, Шымкент, Астана қаласы және Түркістан, Маңғыстау облысында халық санының өсімі жақсы деуге болады. Ал Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында адам азайған. Халық саны орташа деңгейде өсуі Қызылорда және Атырау облысына тиесілі», - деді Аида Балаева Сенатта өткен Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары елімізде туу көрсеткіші рекорд орнатқан.

«Халық тығыз орналасқан және саны артып жатқан аймақтар бойынша мемлекеттің алдында көптеген әлеуметтік және экономикалық міндеттер тұр. Еліміздің демографиялық дамуына әсер ететін ана мен бала өлімін азайту, отбасын қолдау, ажырасудың алдын алу секілді мәселелер Ұлттық комиссияның ерекше бақылауында», - дейді ол.

Бұған дейін Аида Балаева қазақстандықтар бала тәрбиесінде қандай құндылықтарға мән беретіні туралы сауалнама нәтижесімен бөліскен еді.
20 ақпан 2024 ж. 224 0