ҚАЗАҚСТАНДА 12 882 ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда қанша шетелдік жұмыс істейтінін хабарлады.
2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 12 882 шетел азаматы жұмыс істейді.
Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 565 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 671 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 871 және 595 адам. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға 564 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 616 адам тартылды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 657 жұмыс беруші бар. Оларда 456 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 97,2%-і екені айтылды.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 326 адам (33,5%), өңдеу өнеркәсібі – 1 370 адам (10,6%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 298 адам (10%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 843 адам (6,5%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 600 адам (4,6%), — делінген хабарламада.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 045 адам (31,4%), Үндістан – 1 152 адам (8,9%), Түркия – 1 110 адам (8,6%), Өзбекстан – 673 адам (5,2%).