Ауған соғысының аяқталғанына 35 жыл

Қала деңгейінде өткен келелі кездесуде тарих толқынының күрделі тұсына қатысты тың деректер айтылып, рухты әндер шырқалды. Тәуелсіздік тағылымы ұлықталып, “толарсақтан саз кешкен” ардагерлеріміз марапатталды.Госпиталь басшысы Гаухар Тазабекқызы майдангерлердің биік болмыс, мәрт тұлға, батыр бейнесі жайлы айта келіп:
– Тарих беттерінде ерен ерліктің жарқын белгісі болған Ауған соғысының аяқталғанына 35 жыл толып отыр. Биік рух пен қайтпас қайсарлықтың ұлы өлшеміндей болған ардагерлеріміздің батыр бейнесі ел құрметіне бөленуде. Біздің госпиталь, киелі қара шаңырағымыз, ардагерлерге сапалы медициналық қызмет көрсетіп сенімін ақтауға бар күшін салады. Ауған соғысы ардагерлерінің жүріп өткен жолы, өнегелі өмірі мен ерең еңбегі – біздің мекеменің берекесі деп айтсақ артық емес. Бұл тарихи күннің мән-маңызы тым тереңде жатыр. Сондықтан да халық үшін Ауған соғысы ардагерлері – жоғары рухтың көрінісі. Ерлік – елдің туы. Ер қуаты – қару болса, ел қуаты – батырлары. Халық қашан да қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Ауған соғысының ардагерлерін қадірлеп, рух жасампаздығын жаңғыртайық! – деп өзінің ізгі тілегін жаудырды.

Ауқымды іс-шара жарқын жүздесуге толы болды. Кеште генерал майор Марат Алимжанұлы өзінің жасағындағы сарбазы Олег Озеровты «күтпеген жерден» кездестіріп, ерекше сезімге бөленгенін баяндады. Ардагерлерінін ұлықтап қана қоймай, қанша жылдан кейін бір ортада табыстырған госпиталь ұжымына алғыс айтты.
Тағылымы мол, мән-мағынасы терең кешке қатысқан қалың көрермен ыстық ықыласын білдіріп, көңіл түкпірінде жасырынған өткен шақтың есті естеліктеріне үңілді.
Ерлік даңқы – Мәңгілік!
Ардагер аты – Ұлылық!
Ардагерлеріміз ғұмырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, қадірменді ағайын!
Бейбіт күннің берекесі мен берері таусылмасын.
almaty-rkgiov.kz