Шахматтан ӘЧ: Бибісара Асаубаева үшінші рет жеңіске жетті
Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы
Өзбекстанның Самарқан қаласында рапид пен блиц шахматтан өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші күні аяқталды.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, кеше ерлер мен әйелдер рапидте 4 турдан ойнады. Сессиядағы алғашқы жүрісті 1-тақтада FIDE басқарма төрағасының орынбасары Дана Рейзниеце-Озола жасады. Барлығы рапид түрінде 270-ке жуық ойыншы тіркелген.
Ұлттық құрама көшбасшысы Бибісара Асаубаева төрт ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, ұпай санын 5,5-ке жеткізді. Қазір бірінші орында тұрған Анастасия Бондаруктың (FIDE) еншісінде – 7 балл. Бүгінгі шешуші 3 турда жағдай түбегейлі өзгеруі мүмкін.
Тағы бір ұлттық құрама ойыншысы Зарина Нұрғалиева, Назерке Нұрғали, Ксения Балабаева мен Әсел Серікбайда 5 ұпайдан бар.
Әлем чемпионаты лайықты өтіп жатыр. Барлық қарсыласым жақсы ойын көрсетті. Мені тәжірибе жинау үшін осында алып келген Қазақстан шахмат федерациясына алғыс айтамын. Әлемдік додада ойнап жатқаныма қуаныштымын. Әлем чемпионатына қатысу – барлық шахматшының арманы. Енді қалған 3 турда барымды саламын, – деді биыл U-12 санатында әлем чемпионы атанған Айару Алтынбек.
Ерлер арасында қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен кешегі басымдығын сақтап қалды. Норвег гроссмейстері былтыр Алматыдағы жетістігін қайталаудан әбден дәмелі көрінеді. Қазір 9 турдан кейін оның еншісінде 7 ұпай бар. Десе де одан кейін тұрған Владимир Федосеев (Словения) пен Янг Ю (Қытай) қарсыластарын 7 рет жеңген. Сондықтан олар норвег шахматшысына жетіп қалуы мүмкін.
Мұнда Қазақстан шахматшыларынан ең жақсы көрсеткіш – Денис Махневте (5 ұпай). Одан соң Даниял Сапенов (4,5) пен жылдам шахматтан әлем чемпионы Ян Непомнящиймен тең түскен Ернұр Амангелді (4,5 балл) келе жатыр.
Осы тұста 10 жастағы Данис Қуандықұлының 4 ұпайды иеленгенін айта кеткен жөн. Кеше ересектер арасында алғаш рет ойнап жатқан Данис өзінен әлдеқайда рейтингі жоғары 3 қарсыласын жеңді. Тек соңғы турда отандасы Денис Махневтің мықты екенін мойындады.
Бүгін ерлер арасында соңғы 4 тур өтеді.
Самарқан қаласына ұлттық құрама сапында 23 шахматшы келді. Арасында тәжірибелі шәкірттерімізбен қатар, жас ойыншылар да жетерлік. Мұндағы мақсатымыз – олардың тәжірибе жинауына жағдай жасау. Мысалы, Ернұр Амангелді алдыңғы күні көпшілік жақсы білетін Ян Непомнящиймен тең ойнады. Ал 10 жастағы Данис Қуандықұлы кеше қатарынан 3 турда жеңіске жетті. Команда көшбасшысы Бибісарадан жақсы нәтиже күтеміз. Жалпы, барлық ойыншымыз өз деңгейінде өнер көрсетіп жатыр, – деді шахматтан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Биылғы чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 1 миллион АҚШ доллары. Оның 700 мың доллары ерлер арасындағы ашық бәсекеде, қалған 300 мың доллар әйелдер арасындағы турнирдің жүлдегерлеріне үлестіріледі. Шахматшылар 26-28 желтоқсан аралығында рапидтен сынға түссе, 29-30 желтоқсанда блиц шахматтан мықтылар анықталады.
Әлем чемпионаты жайлы барлық ақпаратты FIDE мен Спортты дамыту дирекциясының сайтынан біле ала аласыздар. ФИДЕ-нің YouTube арнасында тікелей эфирде ойындарды әлем чемпионы Вишванатан Ананд пен шахмат журналисі Анастасия Карлович жүргізіп жатыр.
Рапид пен блицтен былтырғы әлем чемпионаты тура осы уақытта Алматы қаласында өтіп, рапидте Динара Садуақасова күміс жүлдегер атанса, блицтен соңғы турда Бибісара Асаубаева алтын жүлде алған. Ал ерлер арасында екі сында да Магнус Карлсен қарсылас шақ келтірген жоқ.