ГАЗ АЛАУЫ ТҰТАНЫП, ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯЛАР АШЫЛДЫ
Шиелі ауданында үш бірдей дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бірі – Талаптанда, екіншісі – Ақтоған ауылында, ал үшіншісі – Қарғалыда. Бұл – ауыл тұрғындарын қуандырған көзайым жаңалық болды. Енді аты аталған елді мекеннің тұрғындары емді жақыннан алады, дәрігерлердің бақылау мүмкіндіктері арта түседі.Дәл осы күнді тағатсыздана тосқан Талаптан ауылдық округінің халқы таң сәрідегі ауа райының салқындығына қарамастан, көтеріңкі көңіл-күймен жаңа амбулаторияның жанына жиналды. Ондағы ойлары – су жаңа медициналық пунктің ашылуына куәгер болу еді. Шараға белсенділік танытқан тұрғындардың қуанышына ортақтаса келген облыс әкімі Н.Нәлібаев, аудан әкімі Н.Ахатов, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткері М.Бақтиярұлы, «Құрмет» орденінің иегері, меценат С.Алшынбаев құттықтау сөз сөйлеп, нысанның лентасын қиды.
– Халық денсаулығын жақсартып, ұлт сапасын арттыру мемлекеттің негізгі міндеті. Елімізде медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Медициналық қызметтің қол жетімді болуын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін облыста да кешенді шаралар қабылдануда. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Соның бірі жақында ғана Жалағаш ауданының Мырзабай Ахун ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияны ел игілігіне табыстадық. Саланың игі істері алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала берсін. Жаңа ғимарат баршаңызға құтты болсын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы да жерлестерін құттықтап, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды. Әрмен қарай жиналған қауым медициналық мекеменің ішін аралап көрді. Барлығы талапқа сай жасақталған екен. Ғимараттың құрылыс жұмыстарын «Бақ-Береке 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Амбулаторияда өз ісінің мықты мамандары жұмыс істейді. Бөлмелер кең әрі жарық. Дәрігерге де, емделушілерге де қолайлы жағдай жасалған. Ғимаратқа жеке бу қазандығы арқылы дизель отынымен жылу берілетіні көптің көңілінен шықты. Сөйтіп дәрігерлік амбулаторияның алғашқы жұмыс күні басталып та кетті.
– Ауылымызда осындай ғимарат қашан салынады деп жүр едік. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» жандар аудан орталығына жүгірмей, өз ауылымызда-ақ ем-шара қабылдап, заманға сай медициналық көмек алатын күнге де жеттік. Қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр, – деді ауыл тұрғыны Ш.Тілеубаев.
Иә, басы ауырып, балтыры сыздаған адамның әуелі шипа іздеп, өзі тіркелген аумақтағы бастапқы медициналық мекеме көмегіне жүгінері анық. Дәл осындай игі іс аудан іргесіндегі Ақтоған ауылында да болды. Тұрғындардың талап-тілегі мақұлданып, ауылда медициналық пункттің құрылысы басталған болатын. Міне, «Астана Сервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Тұрғындар өз ауылынан осындай әлеуметтік нысанның ашылғанына дән риза. Енді алғашқы көмек осы медициналық пунктте көрсетілмек. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил ақ батасын берді. Тұрғындар әлеуметтік нысанның ішіне еніп, мәз-мейрам күйде ғимаратпен танысып, ризашылықпен тарқасты.
Сонымен қатар қарғалылық тұрғындарға да осындай тамаша тарту жасалды. Бұл жаңа амбулатория Қарғалы ауылының ажарына ерекше көрік беріп тұрғандай. Алғашқы сөз алған облыс әкімі әлеуметті құттықтап, медициналық ғимараттың жұмысын жүргізген мердігер серіктестікте ризашылығын білдіріп, ауыл тұрғындарына «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қанатты сөзді негізге ала отырып, ілкімді істерді сөз етті. Айта кету керек, енді бұл нысандарда ауылдық округ тұрғындары әрдайым уақтылы және сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алады. Себебі емхана заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған.
Жаңа жыл қарсаңында ақжолтай жаңалықтардың тиегі ағытылды. Еңбекші мен Жиделіарық ауылдарына газ құбыры тартылып, көптен күткен қуаныш орын алды. Бас мердігер «Гүлнұр МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі межелі уақыт бойынша өз жұмыстарын аяқтаған.
Жоба құны – 270,3 млн теңге. Қос ауылда дүйсенбі күні газ алауы тұтанып, тұрғындардың қуанышында шек болмады.
– Облысты газдандыру қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Қазір барлық аудан орталығы мен 4 қала (Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 19 елді мекенге газ жеткізілген. Биыл 12 ауылдық елді мекенге тартылуда. Осылайша өңірде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді. Биыл аудандағы 40 мыңнан астам тұрғын табиғи газ игілігіне кенелді. Аудандағы 6 елді мекен – Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Алмалы, Досбол датқа, Бестамға газ тарату желілерін орнату үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Бүгін Еңбекші ауылының тұрғындары «көгілдір отын» жаға бастайды. Келер жылға қаралған 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етеміз. 2024 жылдың соңында газдандыру деңгейі 78 пайызға жетеді. Ауылдарыңызға келген «көгілдір отын» көптің игілігіне айналып, тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әсер етеді деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Содан соң еңбек ардагері Сұлтанбек Оразымбетов те жерлестерін құттықтап, жиналған қауымға ақ батасын берді. Іс-шарада «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар мен аудан ардагерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Рәсімнен кейін облыс әкімі газ қосылған үйді көріп, ізгі тілегін білдірді. Тұрғындар да риясыз сезімдерін жасырып қалмады.
– Бұрын ауыл халқын отын мәселесі қатты алаңдататын. Кем дегенде 5 тонна көмір сатып алатынбыз. Көмірдің бағасы да жыл сайын өсіп бара жатыр. Міне, енді сол қиыншылықтан арылып жатқан жайымыз бар. Халықтың тұрмысын түзеу жолында талмай еңбек етіп жүрген облыс, аудан басшылығына алғысымды білдіремін, – деп ауыл тұрғыны қуанышымен бөлісті.
Сұлушаш МАДИЯРОВА