Астанадағы жылы аялдамалар тұрғындарға қатты аязда пана бола алмай отыр
фото: Halyq Uni
Астана көшелеріндегі жылы аялдамалар тұрғындарға аязда пана бола алмай отыр. Қоғамдық көлікпен қатынайтын қала тұрғындары қатты аязда ықтайтын пана таппай, жылы аялдамалардың қызметіне шағым түсірді. Тұрғындардың шағымы бойынша «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бірлесіп, Астанадағы жылы аялдалмалардың қаншалықты жұмыс істеп тұрғанын аралап шықты.
«Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбековтің айтуынша, аялдама ішінде жылу құрылғылары орнатылғанына қарамастан, температура минусқа түсіп кеткен.
Айталық, Ш. Қосшығұлұлы көшесінің бойындағы №10 емхана аялдамасы, С. Сейфуллин көшесінің бойындағы №1 емхана аялдамасы, Алматы іскерлік үйінің аялдамасы, сондай-ақ, «Орбита» сауда үйі мен Еуразия сауда орталығы, «Тұран» мейрамханасы алдындағы аялдамалар, әл-Фараби көшесінің бойындағы Ұлы дала көшесінен арыққа дейінгі аралықтағы үш аялдама осы айтқандарымызға дәлел.
Біраз бұрын қаланың қоғамдық көлік жүйесін жүргізіп отырған CTS компаниясы жылы аялдамалар санына қатысты түсініктеме берген еді. Олардың мәліметінше, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 2015-2021 жылдары 130 дана жылы аялдама қойған. Одан бөлек, 2018-2021 жылдары Астана әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 29 дана, Есіл ауданының әкімдігі – 2, Сарыарқа ауданының әкімдігі – 1 және Байқоңыр ауданының әкімдігі 2 аялдама орнатқан. Бүгінде елордада жалпы саны 164 «жылы» аялдама бар. Бірақ оның қаншасы нақты жұмыс істеп тұрғаны беймәлім.
Әкімдік бұған дейін де түсініктеме беріп, бұл аялдамалардың көлік басқармасының, жеке инвесторлардың және аудан әкімдіктерінің қарауында тұрғанын мәлімдеген. Әлбетте, аялдамаларды күтіп-ұстауға сол мекемелер жауапты.